Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  110


Автор: Темірше Сарыбаев

СТАКАН ХИКАЯСЫ

Қатарынан қарт Бекіш озған ұста,
Ұтылады әзілден, сөз қағысса.
Кетпен соғу, керексе-түрен таптау,
Жұмысы жоқ жарыста,
қозғалыста.
Таң сәріден қос қолын солқылдатқан,
Темір-теңіз алдында толқып
жатқан.
Бастан асқан жұмыстан байыз
таппай,
Кей күндері ұйқысыз ол түн қатқан.
Бірде ауданнан кешкілік өкіл келіп,
Аз ауылға атымтай секілденіп,
Стаханов жайында сөз қозғапты,
(Бәрін айтып береке кетірмелік).
Белсенділер сөз алып кезекпенен,
Буыны жоқ қызыл тіл безектеген.
Бір-бірінен айтқыштар асып түсіп,
(Сол жиналыс қалайда тез өтпеген).
Іңір түскен,
түн болған,
таң білінген...
Біздің ұста қарлыққан
тарғыл үнмен:
– Стаканмен күн шықты,
қарақтарым,
Ұйқым келді, қайтайын,
қалғыдым мен» –
Деген екен өкілдің өңі қашқан,
Қарт сөзінің табанда «тегін» ашқан.
Халық жауы ортаңда отыр – депті,
Шпионмен жапондық жең ұласқан.
Жеткізген ғой ауданға анау барып,
Бұрқан-тарқан талағы талауранып.
Екі бірдей милиция ертеңіне
Шалыңызды үлгірген қамауға алып.
Қиындыққа қайыспай төтеп беріп,
Он бес жылын амалсыз өтеп келіп.
Көпшілікке жуымай кісікиік,
Өтті дейді өмірін жеке өткеріп.
Қытымыр шақ қолтықтан
демей ме өктем?!
Айтылмаған көп сырлар
көмейде өткен.
Бір ғажабы – қарт ұста
өле-өлгенше,
Стаканды стакан демей кеткен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу