Өлеңдер ✍️
СОЛТЫМЫРЗА САҒЫНЫШТЫ АЙТАДЫ ӘН
Қазы көрген қара қазан қаспағын,
Мен не бәрі алты-жеті жастамын.
Өзгелерден артық емес аспаным,
Қызғанбаймын ырыс-бағын басқаның.
Біздің ауыл орталықтан шет еді,
Жолаушылар күнде келіп, кетеді.
Қала жаққа қатынайтын ұлы жол,
Іргемізден иек арта өтеді.
Бір бұтағы болып кеткен осы елдің,
Ұмытпасам – келген кезі шешеннің.
Бірге жүрем ұлдарымен буркалы,
Ойын десе – жібермеймін есемді.
Жоқ-жұқалау күйіне жан ашиды.
Өздері де мұңаяды, жасиды.
Жер жыртады, каналды да қазады,
Солтымырза қаладан май тасиды.
Маған қызық шиқылдаған арбасы,
Қуып жетіп мініп алам жармасып.
Үндемейді, оймен ауыр қарайды,
Отырамыз көзбен ғана арбасып.
Өлеусіреп сөнген кезде ай табы,
Сол кеткеннен ел жатарда қайтады.
Қиялдай ма туып-өскен мекенін,
Солтымырза сағынышты ән айтады.
Ащы даусы дірілдейді мұңменен,
Тарғыл-тарғыл толықсиды үн деген.
Мен ұйқыға берілердей, маужырап,
Тыңдап жатам
өзімдік бір сырменен.
Шымыр үні қою түнді шайқаған,
Мені ұйқыдан оятады қайтадан.
Армандай ма, алыстағы тау елін,
Солтымырза сағынышты айтады ән.
Ән шығады кең аспанға қырналып,
Ілбіп, мүлгіп, тұнжырайды түн ғаріп.
Сонша дауысын сорғалата созғанда
Кавказына қайта ма
екен бір барып?!
Айналайын, шешен халқы – бауырым,
Бір көтердің соңғы жүктің ауырын.
Сенің елің – менің елім емес пе,
Менің жерім – сенің ыстық ауылың.
Көңіл босап, көшер сәтте қимадық,
Екі ел болып той жасадық жиналып.
Жәудіреген жанарыңда жас тұрды,
Жүрегіңе бүкіл ауыл сыйды анық.
Өнді неше көктем келіп қайта дән,
Лебі қандай! Қызғалдақты жайқаған!
Сенетінім – қазақтарды сағынып,
Солтымырза Кавказда да айтады ән!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter