Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  120


Автор: Темірше Сарыбаев

КҮН ЖАМАНЫ ЖОҒАЛАР

Жұрттың жаны дәл мендей сыздай ма екен,
Жұрттың қаны дәл мендей қызбай ма екен?!
Сұлбаларға состиған қарап тұрып,
Тұла бойың түршігіп, мұздайды екен.
Мен шошынам осынау суықтықтан.
Бір-бір үйге кім екен қуып тыққан?..
Айсберг сияқты жібімейді,
Жолдасың да жаныңа жуық тұтқан.
Дос, бауыр деп жүргенде құр мақтанып,
Жұрт жүзінде жабулы сыр жатты анық.
Қабат-қабат үйлердің қуысында
Қанша жүрер екенбіз құндақталып ?!
Түлен түртіп кезіктік сорға қандай?
Таптағаның бір шиыр тордағы аңдай.
Қарашаның бұлтындай түнереміз,
Басымызға қара аспан орнағандай.
Көңіл қайда кешегі жарқыл қаққан,
Пейілімізді қай құдай салқындатқан?!
Аңқау едік, алданғыш, бала мінез,
Әккі болдық әліптің артын баққан.
Күн жаманы жоғалар, келер көктем
Таласа алмас алайда, төбем көкпен.
Сыйластықтың жүзінде сызат барда,
Құлан таза дей алман, денем дерттен.
Түңлігімнің түтінін жұтып аспан,
Құлазимын жайлаудай құты қашқан.
Бабаларым мың мәрте
Бақытты екен,
Ризығын іздеген ықыластан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу