Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  913


Автор: Темірше Сарыбаев

АРАЛ ЖАТЫР, АРУ ЖАТЫР АЛҚЫНЫП...

Қойсам ба деп жүрген едім өлеңді,
Қаламымды қайта ұстадым мен енді.
Тау шөкті деп, құм көшті деп есітуші ек,
Естімеппін теңіз өлді – дегенді.
Қан жүрегім қасіретіңе бөленді,
Қайда қоям қайырлаған кемемді?!
Көл сарқылса, кен таусылса бір сәрі,
Естімеппін – теңіз өлді – дегенді.
Жарқыраған жақұты ең ғой жер-көктің,
Қоштасуға қиман сені, келбеттім.
Таланыңа түскен таудай тағдырмен,
Қалғып кеткен қиялымды тербеттің.
Көрер күні, алар демі сарқылып,
Арал жатыр, ару жатыр, алқынып,
Шыбын жаны кеудесінде шырылдап,
Шағала боп шулап жатыр шарқ ұрып.
Ай мен күнге кезек қадап жанарын,
Сарқып бойдан сақтап келген бар әлін.
Аялайтын алақанға ынтық боп,
Аласұрып жатыр Ару Аралым!
Шүпілдеген
Шемені мен шерімен,
Бақұлдасып байтағы мен елімен.
Арал атты алып арман аунамақ,
Дәуірлеген дүниенің төрінен.
Көк теңіздің көлшік болған кескінін,
Көрмейік деп, ауды бөкен, көшті құм.
Айдынына қона алмаған аққудың
Сұңқылынан суықтау саз естідім.
Бұл фәнидің базар етіп бес күнін,
Қаңқылдайтын ертеңгілік, кешқұрым,
Құлдилап кеп қона алмаған қаздың да,
Қанатынан қайғылы әуен естідім.
Өрттей шарпып,
ақырғы дем – ыстық дем.
Тізбек-тізбек, Шығыстан да,
түстіктен,
Шалқарына шарасыздық байқатып,
Аспанымда
Аза тұтты-ау құс біткен!
Ей, адамдар,
Ақыл-ойдың иесі,
Арал кешкен,
Ару кешкен күй, осы!
Көк теңізді қолдан алсақ құрғатып,
Бізді тегін жібермес-ау,
Киесі!
Қажет қазір жан-жүректің дабылы,
Құтқаруға қолыңды соз, аға, іні!
Арашаға жарамасақ
Аралға,
Кешпес бізді көк теңіздің, тәңірі!
«Әсем өлім» әлдекімнің ойынша,
Не демейді ақымақтар тойынса,
Адамдықта не қасиет қалғаны,
Көз алдында
Текті теңіз жойылса!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу