Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  141


Автор: Темірше Сарыбаев

АРМЫСЫҢ, АҚ ТАҢ, ЖАРЫҚ КҮН...

Кешіппін күнін ғаріптің,
Қалжырап әбден қалыппын.
Шаршадым,
Шыдам таныттым.
Тірілігімді де жаңа ұқтым,
Ірілігімді де жаңа ұқтым.
Армысың, ақ таң, жарық күн!
Шалмайтын жерде шалыппын,
Бармайтын жерге барыппын.
Шындыққа шідер салыппын,
Күнәм жоқ деппін, масқара!
Үстінде тұрып табыттың.
Жүрекке қан боп тамыппын,
Жүдетіп жырды алыппын.
Жаңа ұқтым бәрін, жаңа ұқтым!
Ұмытып қамын халықтың,
Сапырып күшін сан ұлттың,
Сарсаңға салдым, сабылттым.
Ағына қара жағыппын,
Аяздай жанын қарыппын.
Жаңа ұқтым бәрін, жаңа ұқтым,
Армысың ақ таң, жарық күн!
Іздемен сынық сылтауға,
Шағала көңлім шырқауда.
Шындықты көрдім көзіммен,
Мың тәуба соған, мың тәуба!
Сейілді тұман, серпілді ой,
Көтердік көкке еркін бой.
Алданса, санын бір соғу –
Атадан қалған дертім ғой!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу