Өлеңдер ✍️
Жеңгемнің ағама айтатын назы
Лағылдан моншақ тағынып,
Торқаға бойым малынып.
Шаттықтан жүрек жарылып,
Қасыңда тұрсам деп едім –
Қап-қара түнді жамылып.
Айта алмай бір сөз іркіліп,
Бүлдірген ернім бұлтиып,
Миығыма əнтек күлкі ұйып,
Қасыңда тұрсам деп едім –
Қыдығым келіп бұлқынып.
Жұмылып бірде көзіміз,
Үзіле шығып сөзіміз,
Өне бойды өртеп деміміз,
Қасыңда тұрсам деп едім –
Қолымызды сүйіп қолымыз.
Кестелі шытты бере алмай,
Сеніп-ап жəне сене алмай,
Қорқынышымды жеңе алмай,
Қасыңда тұрсам деп едім –
«Қашан келесің» дей алмай.
Ырқыңа сені көндірмей,
Сезімге арды жеңдірмей,
Шайтанның тіліне ердірмей,
Қасыңда тұрсам деп едім –
Сағынғанымды сездірмей.
Біреулер көріп қояр деп,
Көріп қойса ұят болар деп,
Үйде апам əлі ояу деп,
Қасыңда тұрсам деп едім –
Тойымыз қашан болар деп.
Мойныңа үнсіз асылып,
Сүйетінімді жасырып,
Жарың болуға асығып,
Қасыңда тұрсам деп едім –
Ауылдың таңын атырып.
Əр талын сүйіп шашымның,
Келем деп жəне жақын күн,
Айылын тартсаң атыңның,
Қасыңда тұрсам деп едім –
...Қасыңда ұйықтап жатырмын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter