Өлеңдер ✍️
Мінез
Қиялыма бесік қып түн құшағын,
Тағы жақтым аңсаудың мұңлы шамын.
Осы жазған жырымды місе тұтпай,
Дастан жазып көрмекке тырмысамын.
Болмайтынын білемін мұңсыз өмір,
Кейде өжет боп, кей кезде іркілемін.
Күлмейтұғын жерлерде күлім қағып,
Күлетұғын жерлерде күрсінемін.
Бодау бердім тірлік деп қаншама жыл,
Не нəрсе еді сондағы аңсағаным.
Басымдағы бағыма шүкір демей,
Бақытына басқаның тамсанамын.
Қандай жандар отырар тəуба десіп,
Шаршап біттім бар-жоқты арман етіп.
Қалаға əрең келгенім есімде жоқ,
Қалғым келіп тұрады тауға кетіп.
Біткен сынды бұл мінез жалғыз маған,
Сүйіп тұрып бірдемде айни қалам.
Жұрт ішінде отырған сəттерімде,
Орай іздейім оңаша жалғыз қалар.
Қол жетпеске көңілім шөлдер кейде,
Көңіл содан дүрдеараз көзбен кейде.
Ал, оңаша қалғанда жалғызбын деп,
Жабырқаймын мұң шағып ел мен жерге.
Ұқсамай ма клеткам басқаларға?!
Берген бағын алмасын бастан Алла.
Аңсағыш мынау асау жүрегімді,
Арқандап қойсам ба екен ақ қағазға!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter