Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  152


Автор: Гүлайша Ерахмет

Мен əлі ұйықтағам жоқ

Біле алмадым,
Қызық сенің алдыңда ұялғаным,
Ноқталаған желіге жас құлындай,
Алдыңда тұрам, жаным.
Ары менен ұятын бойға иман ғып,
Бақыт үшін Тəңірге қолын жайып,
Қиялға матайды екен қыз арманын.
Кеудем менің,
Білемін керемет мұң өңгергенін,
Сайрап тұрған көмейдің бұлбұлы ұшып,
Тілдің де келтіре алмаймын сөйлеуге ебін.
Сен де түнде түрлі түс көресің бе?
Мен сені ойлай берем неге күнде,
Сені де бір тентектеу тербей ме мұң?!
Арман-азық,
Заман шығар бұл да бір алмағайып,
Керім балаң кербез түн құшағында,
Арман құшса ағайын барма айып,
Қамшыңды алып адамдар, жүгіріспе,
Қызғалдақтай құлпырған гүл үмітке,
Талсын білек тəтті өлең таңға жазып.
Бірақ, күнім,
Қалғандаймын саған да ұнап бүгін,
Бабасының дастүрін ұмытпаған,
Қыз едім шынар бойлы, бұлақ бұрым.
Аралына арманның аман қалдыр,
Баспа бетін байыздап қарайлай жүр,
Шөліңді бір қандырсын шұбат жырым.


Ұқпаған боп,
Сен жайлы мұң, сен жайлы ой құшпаған боп,
Алдыңда айтар ешбір сөз таппағанмен,
Былай шыға сөйлеймін мықты адам боп.
Мылқау түнде мұңайып отырмысың,
Денем дел-сал, дегенмен, есім бүтін,
Мен əлі ұйықтағам жоқ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу