Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  148


Автор: Ақылбек Манабаев

БАБАМ ТУРАЛЫ

Көшіп жүріп сахарада қой баққан,
Кеудесіне шер боп қатып ой батпан.
Бар табысын жауыз байлар жалмап жеп
Арқасында қанды таяқ ойнатқан.
Атақ алып «құлақ кесті құл» деген,
Тізе бүгіп отыруды білмеген.
Жарымаған үсті киіз, аузы асқа,
Рахаттана кірпігін бір ілмеген.
Құлқы болмай айтыс,
Талас,
Сөзге оның,
«Ала жібін аттамаған» өзгенің.
Шын асылған көкірегін сандық қып
Тоқи берген көрген,
Түйген,
Сезгенін.
Сөйлемеген астамсынып, көпіріп,
Еш адамды даттамаған жекіріп.
Тапжылмастан тұрып шындық шыңында,
«Алтын берем» десе айтпаған өтірік.
Елең қылмай көпірмені мақтаған,
Адалдықпен ана сүтін ақтаған.
Қасындағы серігіне шын сеніп,
Сырласының құпиясын сақтаған.
«Бақытымды табам маңдай термен» деп,
Бір сабақ жіп сұрамаған телмеңдеп.
Көз көргендер айтысады аңыз ғып,
Дауға шорқақ, әзілге ұста мерген деп,
Тағдыр басқа төксе дағы мұңды үйіп,
Сәл босаңсып түсірмеген мүлде иық.
«Нар жолында жүк қалмайды» деуменен,
Момын тірлік кеше берген тұңғиық.
Мақтаныш қып сүйген дархан даласын,
Ақ тауларын,
ата қоныс-даласын.
Ұрпағына өткен үнсіз ұқтырып,
Елдік пенен ұлы ерліктің бағасын.
Өсиеті:
̶ жиһаз емес, соңғыға,
Отан қорғап, көркейтетін жол ̶ мұра.
Шежірені шертіп өтер мәңгіге
Тірі тарих ̶ сол қобыз бен домбыра.
Күй әуені шаттандырмай тек бізді.
Жүректерге баба рухын екті ізгі.
Қазаққа тән қастерлі бар мінезді
Ғасырлардан ғасырларға жеткізді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу