Өлеңдер ✍️

Махамбетке
О, ақын бабам,
Батыл данам,
Батыр бабам,
Бұлттар жартасына соқтыққан от найзағайдай,
Жарқылдап жау үстінде
Өтті-ау,сенің найзаң айдай.
Қиялға еріп,
Қыран болып биіктедің,
Ерлігіне,
Өрлігіне сүйсінді сүйікті елің.
Ескілікке сұстанып,безерген
Дауыл болып түйілдің,
Еріндерге шөлмен аштықтан кезерген
Жауын болып құйылдың.
Озбырларға ажалдың.
Оғы болып шүйілдің,
Жалақтаған тажалдың,
Басына туды қиын күн,
Кеудеден зеңбірек болып атылып жыр-кегін,
Алдаспаныңды аяусыз сілтедің,
«Халқыма кезелген қаруды,
Қалқан болып қақсам, дедің,
Қуандырып азынаған аруды,
Таң болып атсам, дедің.
Исатайдың қылышы болып,
Сұлтандардың басын шапсам дедің,
Желкесінен төнсем, дедің.
Күңіренген кеуделерге
Күй болып енсем дедің.
Жаураған жандарға
Жалынымды бөліп берсем, дедің.
Жаймашуақ нұр болып
Өрсем, дедің.
Жақсылыққа гүл болып
Өнсем, дедің.
Мақсатыма жетпей тоқтамаспын,
Салса да ажал көр шеңгелін,
Өзегімді өртеген,
Қайдасың ерке өлең,
Сенің салтанат құратыныңа,
Ұрпақтар жүрегінде жаңғырып тұратыныңа,
Мен сенгемін...
Армысың, ертеңдерім,
Жайқалып өсер өркендерім...»
Осылайша өсиет қалдырып
Көз жұмдың қайран бабам,
Қазаңа қайғыланып жылады елің.
Өрліктің,
Ерліктің,
Мәңгі сөнбес шырағы едің.
Өлеңнің,
Өнердің,
Өрен жүйрек пырағы едің.
Жеріңнің жайқалған құрағы едің.
Еліңнің мақтаны ұраны едің.
Үмітіңді ұрпақтарың ақтады анық,
Шар тарабын шарлаған шат жаңалық,
Жайнады өлкең ырыс пен баққа оранып,
Жалын атып жүр жастық пен пәк балалық,
Өлмес жырларыңды жаттап алып,
Адамдарға құт, азық, отын беріп,
Дархандықтың дастарханы секілденіп,
Жасаңғырап жатыр далаң,
О, ақын бабам,
Батыл данам,
Батыр бабам,
Ерліктің символындай
Ауыздан тастамаймыз атыңды аман
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter