Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  133


Автор: Ақылбек Манабаев

АҚ ШАҒАЛА

Алдаспандай қос қанатың керілген,
Ақ шағала, шаңқылдайсың өр үнмен.
Шүйілесің кейде төмен сорғалап,
Ақ тамшыдай алтын күннен бөлінген.
Жасқанбастан өр теңізге төнесің,
Толқындардың құшағына енесің.
Жарқ-жұрқ етіп аққан жұлдыз секілді,
Көкжиекке шырқап барып сөнесің.
Тас төбемде ақ садақтай иіліп,
Қалқып ұшсаң, мен қараймын қиылып.
Елжіреген жүрегіме қонар ма ең
Жырдың інжу-маржаны боп құйылып.
Ақ шағала, сүйкімді құс ақ қардай,
Шық биікке, қанатыңды қақ талмай.
Адам жаны нұрлансын деп табиғат
Сені аспанға салют етіп атқандай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу