Өлеңдер ✍️
Анама хат
«Түспесін көңіліңе қаяу, балам»
Деп мәпелеп өсірген аяулы анам.
Қуансам,нұр қонақтап жанарыңа,
Жалт етіп қабағыңа ай аунаған.
Сен аспан нұрыңды емген мынау ғалам,
Мен-отты төсіңдегі күн аумаған.
Дүние төбесінде балқып тұрмай,
Күмілжу-кешірілмес күнә-ау маған!
Табынып бүкіл адам бас ұратын,
Қастерлі, анам, мәңгі асыл атың.
Ер жеттім өміріңнің жалғасы боп,
Арманыңды жүзеге асыратын.
Өтемін құлының боп елжіреп тек,
Бақытым ақ сүтіңмен енді көктеп.
Бір тамшы көз жасың ем тулап түскен
Тірліктің кеудесіне мөлдіреп кеп...
Айналдым ақ бұлаққа,өзен-алдым,
Өзінің шама-шарқын сезеді әркім.
Келешек, арман жолы-қилы, асулы
Келеді бәрін жеңіп төзе барғым.
Анажан,ұмытқам жоқ әлдиіңді,
Тарттың ғой балаң үшін бар қиынды,
Өзіңе борыштармын дем біткенше,
Түсінем жүрегіңді, жан-күйіңді.
Бұздың сен ұзақ түнде сан ұйқыңды,
Сол мейрімің жаныма жалын құйды.
Іңгалап былдырлаған бесіктегі
Өзіңдей кім түсінді сәби тілді.
Тербеттің,
Алақанда аяладың,
Барыңды бөбегіңнен аямадың.
Аязда жаз-құшағың пана болды,
Ыстықта көлеңкеңе саяладым.
-Жылатпаймын,-деп жүріп,-ерке айымды,
Білемін,кешкен жоқсың жол қайырлы.
Сені жесір,
Мені жетім атандырып,
Тағдыр бізді қамқоршыдан ерте айырды.
Мал бақтың,
Сыр алдырып қайыспадың,
Есімде боранменен сайысқаның.
Кеудемді кетуші еді жалын кернеп
Көргенде жанарыңнан жай ұшқанын.
Есімде шілде,
Тамыз аптаптары,
Егін ордың,
Арқаладың қаптап тары.
Еңбектің сол бір ауыз ізі болар
Мезгілсіз самайыңды ақ қаптады.
Қол артып табыстарға асқаралы,
Көпке үлгіКөтердің тың бастаманы.
Ел-жұртың құрметтеді,
Депутат боп,
Араладың Москваны,
Астананы...
-Шыңға өрле,
Алға ұмтыл,
Талпын,гүлім,
Нұр төгіп тұр дәуірің-алтын күнің!
Адам бол,
Арқала!-деп,-сенім артқан
Тастама орта жолда халқың жүгін!..
Деуші едің:
-Өс құлыным,
Көгер менің,
Қызықты шақтарыңды көрер ме едім!..
Анажан,
Тілегіңді орындауға
Тер төктім,
Көп іздендім,
Бөгелмедім.
Тегін олжа кезіксе қақшып алар,
Жеңілге әуес болмадым,
Ат шығарар.
Ар-ожданды ту етіп,
Жүрмін тынбай
̶ Естіртем, ̶ деп, ̶ өзіңе жақсы хабар...
II.
̶ Алдыңнан жарылқасын ақ таң күліп,
Үлгіңді қуанайын мақтан қылып... ̶
Деп едің ғой Алматыға,
Мені оқуға,
Салғанда ұзақ жолға аттандырып.
Дегенмін:
̶ Тәтті үмітің ақталады,
Ұлыңды өсіреді шат заманы.
Жатырмын білім алып,
Жігерімді
Келешек үшін шыңдап
Баптап әлі... ̶
Анажан,
Баяндайын жайымды анық,
Бір мамандық игердім дайындалып.
Орындау өзің артқан аманатты ̶
Өмірлік мендік мақсат, қағида нық.
Көмегін ұмытады, деме, көптің,
Мен солардың өтеуін төлемекпін .
Қолымда диплом бар,
Талаптанып
Табиғат сырын ұғар геологпын.
Көгершін ̶ жетсе хатым сағындырып,
Шалқырсың шаттық толы жанымды ұғып.
Ұлыңды көппен бірге сапарға ұзақ
Жетектеп бара жатыр жалынды үміт.
Тарбағатай шыңдары ̶ бағытымыз
Тапсырма ауыр,
Жауапты,
Әрі тығыз,
Қойнауынан жартастың кен іздейміз,
Топты адамбыз, ортақ мақсат,
Табысымыз.
Коля ағай жол басшымыз,
Шат жанды адам,
Коммунист ̶ қиындықтан жасқанбаған.
Басынан кешкені көп,
Көргендері
Сияқты мол шежіре, дастан маған.
Кең маңдай,
Көгілдір көз,
Бауырмал,
Баурап алар бірден көпті.
Еңбегі мол,
Алайда өзінше айтсақ,
«Әлі ештеңе тындырып үлгермепті».
Мінезі осы,
Сабыр сақтап,
Тасымайды,
Шыңдалған шар болаттай,
Жасымайды,
Үнсіз ұғып жүрегіңнің құпиясын.
Құрғақ сөзбен жүйкеңді қасымайды.
Өнегеңді артық мақтап, өсірмейді,
Самарқаулық жасасаң, кешірмейді.
̶ Қатардан қалып санды көбейткенше
Жалқау болсаң қараңды өшір, ̶ дейді.
Кавказды,
Памирді де аралаған,
Талай өзен,
Көлдерді жағалаған.
Қиын соқпақ,
Қилы жол сапарында
Денесін әлденеше жаралаған.
̶ Геолог боп бардым мен Байкалға да,
Өз үйіме айналды байтақ дала.
Деп әңгіме айтады, ̶ тілегіне
Жетеді қажымайтын қайсар ғана.
Бағындырған шөлді өңір,
Тастақ құзды,
Өміріне өзек еткен мақсатты ізгі,
Осынау білім, қайрат иесі адам,
Келеді тың сапарға бастап бізді...
Жамылған бозғыл қырау ̶ күзгі оқаны,
Тауларды аралаймыз мұз-жоталы,
Боздайды Тебіскі * асау айдынында
Жүргендей жүзіп түйе жүз боталы.
Оранып ақ көрпеге қыс та келді,
Аңдар ауып,
Тастап кетті құстар көлді.
Қара саннан келетін қарды омбылап,
Ұзақ жүріп өтеміз қысқа жолды.
Қопарып қойтастарды мың аунатып,
Кен іздейміз,
Қас кірпікке қырау қатып.
Кілең жастар өзара жарыстамыз
Жақсы ісіңмен ортаңа ұнау ̶ бақыт!
Ақпанды қыс аяқтап,
Жетті көктем,
Алтын күн алаулаған отты неткен!
Сәуірдегі сабалақ сабылған бұлт
Сан рет нөсер құйып өтті көктен...
Шыңдарын жазғы таңның нұры сүйіп,
Құлпырды Тарбағатай күміс иық.
Алып тау пәк ауамен желпінеді
Самалы жанға жайлы ̶ жылы тиіп.
Қасқайып айғыр жалды қарағайлар,
Қайыңдар сәнденеді тарап айдар.
Қарақат қыздың сырлы жанарындай
Көңілге неше түрлі салады ойлар.
Тебіскі қайта тасып, күркіреген,
Ағады бұлақ майда күлкіменен.
Ақ жаңбыр сіркіресе сілкінеді
Тамшыға жапырағын сүртіп емен.
Дәу тастар барыс өңдес қатпар-қатпар,
Ұласқан бір-бірімен болып жақпар.
Тартады тереңіне жанарыңды
Көз жіберсең тұңғиық, терең шатқал.
Тарихы бұл аймақтың болған аңыз,
Өткеннен әңгіме естіп толғанамыз.
Содан соң жігерленіп деп түйеміз:
«Табиғат сырын ашып,
Олжа аламыз!»
Міндет ауыр,
Құлшынамыз ұғып батыл.
Жайғастық Талдысайға тігіп шатыр.
Коля ағай:
̶ Қысылмаңдар, жас достар, ̶ деп
Айтады жұмыс жайлы білікті ақыл.
Ойлы сөз,
Кеңестерін құп алысып,
Қаламыз бір жадырап,
Қуанысып.
Ол сөйлесе сенімге бел буамыз
Ыдырайды бастан күдік-күмән ұшып.
Деді ол бірде:
̶ Жігіттер, бұл сапарымыз,
Соңғы болар,
Бұзылмасын қатарымыз,
Өздеріңе белгілі біз келгелі
Мінеки, тағы да бір тақады күз.
Мерзімді біздің жұмыс: ай, апталық,
Келеді берген уақыт аяқталып.
Зерттейміз қалған қиын учаскені
Сол аймаққа жақындап,
Таяп барып...
̶ Келістік,
Кірісеміз түріп білек,
Қашанда бірге мақсат, үміт-жүрек.
Бәріміз бір кісідей уәделестік, ̶
Біз үшін бұлжымас заң ̶ сіздің тілек.
Серттесіп,
Осылайша байласып сөз,
Үлгердік жаңа орынға жайғасып тез.
Үлкен жорық бастауға дайындалдық
Келді міне қайратты сынайтын кез...
Қып-қызыл боп шыққанда күн ұялып,
Малыңды шұғылаға дүние алып.
Тау гүлі үлбірейді ерке назбен
Көбелек,
Араларды жиып алып.
Жер беті ̶ алуан түрлі сиялы өрнек,
Қанатын қағады асқақ қиял өрлеп.
Алдыда Коля ағай, біз келеміз
Бағытымыз ̶ қиын соқпақ,
Қия мен бет.
Бұлттар төбемізге жайып шепті,
Тастың шаңын тамшылар шайып төкті...
Жарқыратып нөсер жуған жақпар тастан
Қапыда оң аяғым тайып кетті...
̶ Қап, ̶ дедім жоғалтардай ұлы үмітті
Арманшыл жаным қашан мұны күтті.
Жан дәрмен оң-солымды қармағанда
Саусақтарым түп аршаға ілігіпті.
Тілгілеп үшкір тастар білегімді,
Үрейлі сезім шарпып жүрегімді,
Жаңағы арша жанымды ап қалардай
Мықтап ұстап, арттым соған тілегімді.
Тұрсам да қайрат-күштің салып бәрін,
Барады қол қарысып,
Талып қарым.
Қиналып қиын сәтте қысылғанда
Құтқарды бұл қатерден жан достарым.
Кіл жастар жақсылыққа жаны ғашық,
Қуанып ортаға алды жамырасып.
Мәз болып деймін мен де:
̶ Достар барда
Өмірде тарықпаспын арып-ашып.
Шалқы ана,
Жалғыз емес балаң бүгін,
Достарым көп арқаласар заман жүгін.
Ізденімпаз жаныма мәңгі азық ̶
Отанға,
Партияға адалдығым!..
III.
Ойлы орман жапырағын шыққа малып,
Көкжиек кірді таңғы түске ағарып.
Құрақтар атластай судыр қағып,
Бұтақта сілкінеді құс таранып.
Құбылта нәзік үнмен сайрап бұлбұл,
Еріндері үлбіреп жайнап тұр гүл.
Тебіскі ашу қысып бұлқынады,
Дегендей:
«Менше тасып, қайрат білдір».
̶ Тастардың зерттеу үшін сырын біліп,
Керек еңбек, тәжірибе,
Білімділік, ̶
Коля ағай коллекция жайлы бізге
Асықпай айтып отыр ұғындырып.
Демалып,
Бойды жазып,
Тамақтанып,
Жөнелдік бір сапарға тағы аттанып.
Маршрут жеке жүріп орман кезу,
Тексеріп шығу қайта алапты анық.
«Сүйем жер қалмау керек көзден таса,
Түр-түсін топырақтың ажырата,
Бір белгі табылса егер кен дерліктей
Сол тұсты межелейтін карта жаса».
Көкейде тапсырмасы Коля ағайдың,
Аралап кеттім ішін ну тоғайдың,
Жабайы жыртқыш аңдар мекен еткен,
Үрейлі жұмбағы көп бұл маңайдың...
IV.
Алуан түрлі дыбыстың тыңдап бәрін,
Қызықтап көкектердің үн қатқанын,
Тынымсыз төңіректі шарлап жүріп
Аңдамай қалдым мүлде күн батқанын.
Сыйлаған ең қымбатты ̶ өмір маған,
Сені ойлап, нұрландырған көгімді анам,
Жолымды одан әрі жалғастырдым
Жоқ ешбір түйткіл-күдік,
Көңілде алаң...
Жұлдыздар кірпік қағып ерке күліп,
Тұр аспан шар айнадай төңкеріліп.
Кенеттен батыс жақтан дауыл шығып
Нөсер құйды,
Найзағай өрт өріліп.
Тынды жауын...
Судырап жапырақтар,
Малынды ай нұрына атырап бар.
Жеткізіп бір-біріне тал сыбдырын
Мазасыз жел еседі тасып ақбар.
Бұлқынған жүрегімді өлең тербеп,
Келемін қосқа қайтып,
Денем сергек.
Арқамда жол қап толы тастарым бар,
̶ Достарды қуанышқа кенелтем, ̶ деп.
Жылжыған сайын алға басып адым,
Лагерьге тез жетсем, деп асығамын.
Олжамды көрсе мынау Коля ағай
̶ Жарайсың! ̶ деп, ̶ сүйсінер жас ұланым...
Абайлап жан-жағымды сақтықпен,
Балбырап сезімге елтіп балқып денем,
Мен келе жатыр едім,
Қарсы алдымнан
Естілді қатты дауыс жан күтпеген.
Қалқалап қарағайды тұра қалдым,
Кешігіп қалғаныма ызаландым.
Алдымнан алабажақ шықты барыс,
Секілді көлеңкесі сұм ажалдың.
Денемді үрей қарып,
Қалтырадым,
Шортандай торға түскен алқынамын.
Жыртқыштың тырнағынан құтылудың
Амалын таппақ болып талпынамын.
Аузын ол ашқан кезде ыңыранып,
Оңтайладым қанжарымды қолыма алып.
Жабайы аң жақын келіп тоқтай қалды
Қалт етпей қимылымды менің бағып.
Сол сәтте мылтық үні жаңғырығып,
«Күмп» етті,
Оқ қылжитты аңды жығып,
Коля ағай шыға келіп оң бүйірден
̶ Бармысың, ̶ деп құшақтай алды бүріп.
Анашым, маған арнап қақтаған жал,
Дорбалап құрт-ірімшік,
Сақтаған бал.
Ұлыңа осылайша демеу болып
Жасап жүр қамқорлығын жақсы адамдар.
V.
Аспанға ақ маржандай тамшы бүркіп,
Тебіскі ағып жатыр жарды жұлқып,
Толқындар тыным таппай секіреді,
Бетінде боз көбіктер майдай кілкіп.
Ақса да қаһарланып есіре су,
Ар жаққа қажет бізге кешіп өту.
Көрмекпіз зерттелмеген тың қойнауды
Қадармыз байлық, тапсақ төсіне су.
Алды да көп достарым қаздай қалқып,
Мен дағы қалыспастан келем малтып.
Секірген арғымақтай асау толқын
Өтердей мені жайпап, бір-ақ тартып.
Долы өзен ашу қысып желіккендей,
Ұршықтай үйірсе де ерік бермей,
Тек алға,
Алға қарай ұмтыламын
Құлашты шаршасам да керіп сермей.
Денемді бұрған оң мен солға күшті,
Тасқынымен тайталаста қол қарысты...
Әлсіреп тасқа барып соғылдым да
Білмеймін бұдан соңғы болған істі...
VI.
Көз аштым аурухана төсегінде
(Білмеймін өткен күннің есебін де).
Білемін адамдардың көмегімен,
Қайтадан келгенімді осы өмірге...
Сауығып,
Қосылдым дос қатарына,
Бөлендім қуаныштың шапағына.
Алдымда асыл арман,
Үлкен жолдар
Аттанам Геологтық сапарыма.
Алғашқы жорығымыз жемісті боп,
«Тындырдыңдар ғылым үшін мол істі» деп
Ұйымшыл біздің үлкен отрядқа
Басшылар айтыпты алғыс,
Өріс тілеп...
VII.
Мінеки,
Тағы да мен сапардамын,
Кен ашып,
Жаңғыртамыз жапан жанын!..
Өзіңнен жүрсем де алыс бақыттымын
Аңсаған орындалды, апа, арманың!..
Біз барған туған жердің өңірлері,
Жайнады ашылды көп кен іргелі,
Зейнетін бейнетімен қатар сыйлап
Есейтіп өсіруде өмір мені.
Деуші едің:
̶ Өс құлыным,
Көгер менің,
Жемісін еңбегіңнің көрер ме едім!..
Анажан,
Осы ойыңды орындауға
Тауды астым,
Судан өттім,
Бөгелмедім.
Бөгелмедім,
Бір адым шегінбедім,
Қиналдым,
Қиындыққа берілмедім.
Ақталды маңдайымның тамған тері,
Мен бүгін қастерлі отан төріндемін.
Жаса ана,
Жарқыраған жақұт күнім,
Аялай береміз біз уақыт гүлін.
Бір асыл тапса,
Іздеп екіншісін
Шалқып жүр достарымен
Бақытты ұлың!!!
Қуаттап талабымды
Демеді елім,
Білім мен еңбек нәрін
Төл емемін.
Бұдан да жарқын,
Нұрлы келешегім,
Ләззатына елмен бірге кенелемін!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter