Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  480


Автор: Ақылбек Манабаев

Көкпар

Серейіп жатқан серкені,
Бір қолмен жерден іліп ап,
Құлдилай бойлап өлкені,
Келеді жаршы зымырап.
Қалың топ қара нөсердей,
Додаға салды қамалап.
Тұяқтар жерді тесердей,
Барады төске сабалап.
Шалқалай ерге жабысып,
Апай төс атпан жігіттер.
Айқасып кетті алысып,
Жүлдеден болып үміткер.
Атылып оқтай табанда,
Қасқая жарып топты әлгі.
Қара үзіп шыққан баранға
Қадала қарап көп қалды.
Жөнелді жігіт бұлқына,
Білекке жиып бар күшін.
Жіберіп атты ырқына,
Алыпты тістеп қамшысын.
Дәл осы сәтте шоқ талды,
Тасалап біреу сап өтті.
Қарысқан қолдан көкпарды
Қиналмай жұлып әкетті.
Олжаға батқан қасқаның
Жондата жолмен жосуы-ай...
Қапысын аңдып басқаның
Жүргендер бар-ау осылай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу