Өлеңдер ✍️
БІРЛІК АУЫЛЫ
Қазағы бар, ішінде қалмағы бар,
Бұл ауылдың тарихта салмағы бар.
«Бой бермеген қазаққа халықпыз» деп,
«Қалдан-Серен батырдан қылыппыз» деп,
Қалжыңдайды әйтеуір сондағылар.
Қасіреттің өзін де қалжың ғылып,
Өткен іске қарайды әркім күліп.
Айт, айтпа арғы аталар өмірінде,
Әйтеуір бар сияқты тағдыр қызық.
Есіне алмас ескірген заманды олар,
Ескілердің ісі ғой деген болар.
«Елім-айы» естілсе баяғының,
Екеуі де егіліп жаман болар.
Ішінде шалың да бар, балаң да бар,
Мейрамда атқа қонып далаң қағар.
Шарт етер Шапырашты мінезіңе,
Қалмақ қаны қосылып зәреңді алар.
Бекерге белсенділер қауіпті айтар,
Өткен соң бірінші май мауық қайтар.
Көп болса көк байталға мінгесіп ап,
Көп бала көрші ауылды шауып қайтар.
Айдарлы қалмақ емес қыл найзалы,
Келеді соған бірақ ыңғайлары.
Тарсылдап тар көшеде атпен шауып,
Таусылмас көрші ауылдың түнде айғайы.
Атынан «қалмақ» деген шошынам-ай,
Бұл күнде дейтіндер бар осы қалай?
«Қасқырды қанша бақсаң мал болмайды» деп,
Жезделер құйып қояр отына май.
Қалмақ деген жалғыз сөз тілде ғана,
Қалмақтөбе мүлгіп тұр қырдағы оба.
Аталасын аларда ажыратып,
Екі арасын жалғайды Жылғары ана.
Алшынбай мен Тұрсынбай, Едігелер,
Ердененің қалмаққа ебі келер.
Тірілерді көрмеге тізіп қойған,
Тірі музей сияқты көрінеді ел.
Адуын, ашықауыз со Бірлігім,
Сақтаған қазақ, қалмақ ел бірлігін.
Әйтеуір бұл ауылдың жігітінің,
Көрмейсің көзді алдаған көлгірлігін.
Қазағы, қалмағы бар, қалғаны бар,
Қайнайды бір қазанда ондағылар.
Шалдардың шалы білмес бұл ауылда,
Тарихтың жазылмаған тармағы бар.
Қасқырдың тұқымы деп мұндағылар,
Қыжыртар Ізтілеу мен Миралылар.
Жылнамашы жыны ұстап жазбай кетсе,
Жазығың не сендердің Жылғарылар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter