Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  542


Автор: Есенқұл ЖАҚЫПБЕК

ГҮЛ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ

Жаздың жаңа қауыз жарған мәйегі,
Жауқазында майдың жасыл айы еді.
Гүл әкеліп екті аулаға анамыз –
Ауылдағы жалғыз орыс әйелі.
Апта өтпей-ақ, жаулап алып ауланы,
Қызыл, жасыл жалын гүлдер лаулады.
Көшедегі ең шеткері жалғыз үй,
Көркемдіктің көрмесінен аумады.
Қоймақ тұрмақ қорғасындай нән қақпа,
Ол кез ауыл тұрғызбайтын шарбақ та.
Қырға жайып қызыл-жасыл қанатын,
Қызыл гүлдер қашып шықты аулаққа.
Қызыл-жасыл гүл өсіру асылы,
Кәсібі емес, болатұғын машығы.
Анамызға алғыстарын айтатын,
Ауылдың бар қыз-бозбала ғашығы.
Мамыражай бастан кешіп тірлікті,
Бақыт билеп тұрған кез ғой Бірлікті,
Жадыраған жаз соңында, бір түнде,
Біздің ауыл ойда жоқта дүрлікті.
Жағалауда жалп-жалп құлап жар басы,
Құтырғанның алқынады арнасы.
Кейде толқын кеуделеп кеп құлайды,
Біздің үйдің есігіне жармасып.
Көз алдымнан кетпейді әлі осы жай,
Еске алмаймын сол тасқынды шошымай.
Қарттар айтты: «Өзен аты – Құтырған
Жүз жылда бір құтырады осылай».
Бір топ толқын келді де ақыр топталып,
Біздің үйді қақпақылдап кетті алып.
Бастан өткен бала дәурен секілді,
Мен ойнайтын бара жатты доп та ағып.
Ойландырып отау қамы, бас қамы,
Әкем тыңнан жаңа үй сала бастады.
Толқын алған біздің үйдің орнына,
Колхоз жазда қызылша егіп тастады.
Су көшкен жер берер ед деп, құт төгіп,
Бригадирдің болмады тек күткені.
Ұшан-теңіз бар алқапқа, сұмдық-ай,
Қызыл-жасыл «гүл-қызылша» шықты өніп.
Гүлге толып сыбырлайды сыз алаң,
Бригадир жүр жарылардай ызадан.
Қызылшашы қыз-келіншек гүл теріп,
Күні бойы салады бір ұзақ ән.
Десін мейлі бригадир «шап, қыр да, жұл»
Осы алқапқа өсе берді жылда гүл.
Он жыл бойы отап, шауып гүлдерге,
Ғаламат бір майдан ашты бригадир.
Бригадирдің бұрмаған соң бүйрегі,
Сиреді ақыр, қызыл гүлдер сиреді.
Жауқазындай жастар кетіп жан-жаққа,
Ауылдың да кетті азайып үйлері.
Алдандырып арман өлең, мұрат бақ,
Біз де кеттік осы ауылдан жырақтап.
Магниттей мені өзіне тартады,
Сол Бірлікте тұрған анам тұрақтап.
Сол жылдарғы орнын іздеп үй-жайдың,
Ауыл барсам қалған гүлін жинаймын.
Қуаныштан жылап тұрған алдымда,
Жан анама жалғыз талын сыйлаймын.
Жылама ана, көзге моншақ тіреліп,
Жан шуағың жауқазын боп тұр өніп.
Артыңдағы ақын ұлың келеді,
Адамдардың жүрегіне гүл егіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу