Өлеңдер ✍️
КЕЙДЕ
Жанданып әлем, жадырап тұрсын жер мейлі,
Жападан-жалғыз жаныңды бір мұң кернейді.
Сергелдең қылып жіберген кеше осы мұң
Есенқұл тұрмақ Есенин сері Сергейді.
Түрленіп жер-су, тұрса да жайнап жалын күн,
Жәудір көз мұңға жаныммен түгел малындым.
Мектептен қайтқан Айнұрдың сұрап портфелін
Арқалап жүрген кезімді сұмдық сағындым.
Шалқысын ел-жұрт, бақыттың шырқап шат әнін,
Аулақтап жұрттан ащы бір мұңға батамын.
Басымды даң-дұң даңғаза шудан ап қашып,
Балдырлы көлге, балыққа бара жатамын.
Алаңсыз, мұңсыз Айнұр да, бәлкім, жүр аман,
Аңсауға толы арнаймын әлі жыр оған.
Қам көңіл қылып жаратса бізді қайтесің
Қарасаз, Бірлік, қайыңдар елі – Рязань.
Сағыныш түстес сарғалдақтармен сырласып,
Саяқсып жұрттан кетемін жалғыз қырды асып.
Алдамшы сағым секілді алыс бір бақыт.
Әйтеуір, менен әлемде мынау жүр қашып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter