Өлеңдер ✍️
БАЛА ДОС ТУРАЛЫ ХИКАЯ
Ащының суы тасқанда,
Қиын сабақтан қашқанда.
Жатып ап күнгей қапталға,
Ақ бұлттар көшкен аспанға
Армандап қарап жатқанда
Бақытты едік бала дос,
Бақытты едік дос барда.
Сәуірде сайлар тасқанда,
Қоныштан суы асқанда
Жан досын жолға қалдырмай
Арқалап судан өтетін,
Жалғанда сендей дос бар ма?
Арқалап алып өтуші ең,
Қарытпай тобық мұздарға.
Қонышым тесік екенін
Сездірмеуші едің қыздарға.
Бұл күнде барлық дос майда,
Ойлағаны бас пайда.
Қонышым тесік екенін
Сезіп бір қалса сол достар,
Жолға бір тастап қашпай ма?
Қодықтай ғана ұл едің,
Толағай еді жүрегің.
Тобықтай ғана болсаң да,
Топ бастап ылғи жүр едің.
Айлы бір жаздың түнінде,
Алманы бірге ұрлаған
Қайран да бала досым-ай,
Қойды ғой шіркін бұл заман,
Досқа да жаны ашымай.
Қалды ғой биыл жылғадан,
Ащының суы тасымай.
Өтеді-ай, бәрі кетеді-ау,
Өтеді-ау, бәрі осылай.
ІІ
Не дейін бала досыма,
Бұл күнде сен де атасың.
Түсімде мені Ащыда,
Арқалап келе жатасың.
Жүректе нәзік өлеңі
Арманың сенің көп еді,
Бермеді-ай, өмір батасын
Баяғы бала кезіңдей,
Бар менен жоғың сезілмей
Ауылға барсам әйтеуір,
Кітабыңды оқып жатасың.
Көрініп арман көзіңнен,
Баяғы бала кезіңдей
Әрненің басын шатасың.
Интернатта оқитын
Баяғы он бес жасыңда
Шілдеде көлдің басында,
Баяғы досың қасыңда,
Қыздырып күнге арқаңды,
Жотаңды күнге тосқанда,
Желігіп келген жеңгелер,
Киіміңді ала қашқанда
– Обал болды ғой, – деуші едің,
Қалтамда жүрген сарғайып
Бір қызға жазған хаттарға.
Бақытты едік бала дос,
Бақытты едік дос барда.
Интернатта оқитын
Бір қызға сұмдық ғашық ең,
Ойласаң соны бала дос
Кетуші еді кенеттен
Себепсіз және себептен,
Көзіңнен сенің жас парлап.
Сен жете алмай жүрген сол Жұлдыз,
Үлбіреп тұрған көк жұлдыз
Кетуші еді мен үшін
Сені айтқан сайын аспандап.
Ауылда ұлдар жиылып,
Ащының шөбін шапқанда,
Ащы тер көзге құйылып
Ашымал ішіп жатқанда,
Күрсініп досым қоюшы ең
– Интернатта бір қыз бар,
Сол қызды шіркін, көрсең, – деп
Айтушы ең аузың кемсеңдеп.
Көре алмай кеттім ақыры
Сол қызды мен бір көрсем деп.
Он бесте әлде нешеде?
Буының бекіп қатқанда
Таусоғар құсап көшеде
Талтаңдап келе жатқанда,
Бақытты едік бала дос,
Бақытты едік дос барда.
Ағалар көріп сүйініп,
Таңдайын қарттар қаққанда
Кең балақ шалбар киініп,
Киноға бара жатқанда
Ойлаушы едің Жұлдызды,
Жұлдыздай алыс бір қызды
Мойныңды бұрмай еш жанға.
Сүттіген шөптей майысып,
Қабырғасы қайысып
Мойынағашпен көрші қыз
Су алып келе жатқанда
Азаматы деп ауылдың,
Жолыңды сенің тосқанда
Сол қыздың мөлдір көзінен,
Көзіңді ала қашқанда
Бесмойнақ жақтың бір қызын
Ойлаушы едің ескі дос
Көңіліңді бөлмей еш жанға.
Айлы бір түнде жұлдызды,
Көрші ауылдан бір қызды
Ағалар ала қашқанда
Жалғыз көзді мәшине,
Жарқырап қырдың төсінде
Жотадан бері асқанда
Тек сол қыз ғана есіңде,
Мектептің соңғы кешінде
Сол қызды алып қашсақ деп,
Айтушы едің достарға.
ІІІ
Не дейін бала досыма,
Жастарға берер батасын
Бұл күнде сен де Атасың.
Сүйесің әлі сүйгенді
Бермеген саған опасын.
Суретін іліп төріңе,
Өлеңге әлі қосасың.
Төріңде тұрған сол сурет,
Қарайды көзі мөлтілдеп
Қалса да бүгін кемпір боп.
Төріңде тұрған сары сурет
Мауқыңды сол ғой басатын.
Мас болған кезде еңкілдеп,
Сырласың болып сол сурет
Кеудеңе ыстық басасың.
Айыққан кезде арақтан,
Шиқылдатып шинеңді
Пішенге бара жатасың.
Махаббатың алдыңда,
Төзімі сендей болмаса
Ұласып кеткен сан жылға
Сезімі сендей болмаса
Ақынның біздей несі ақын?!
ІV
Дүниеге мынау не дерсің,
Баяны жоқ, тұрағы.
Әкімшілік еденін
Жуып жүрген кексе әйел,
Бөксесі жуан бөшке әйел
Сені осы кеше сұрады.
Екі көзі мөлдіреп,
Төріңде тұрған портрет
Қырық жылдан бері тұр әлі.
Айтып ем оған мен соны
Жуып жүрген кеңсені,
Кексе әйел әлгі жылады.
– Ұзынағашта кезінде
Беріліп ғажап сезімге
Интернатта бірге оқып ек
Менсінбей ақыры кетіп ем
Биік қой біздің көкірек.
Сол сенің бала досыңның
Назасы өтіп кетті ме?
Қарғаумен мені өтті ме?
Елуге жасым келгенше,
Күйеуге тидім жеті рет.
Әр жақта жүріп тентіреп,
Оралдым елге ақыры.
Тағдырдың басқа салғаны-ай,
Шын сүйген жарды таңдамай.
Жауыр болған тақымы
Әркімнің болдым қатыны.
... Қайран да бала досым-ай,
Қырық жыл іліп төріңе
Бірге алып кетер көріңе,
Сарғайған әлгі портрет
Сөйледі маған осылай...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter