Өлеңдер ✍️
КӨЛСАЙ
Аршын төсті құз-таулар аясында,
Жасыл желек,
Ну орман саясында.
Күнге ұмсынып
Алақан жаясың ба,
Күміс нұрға жүзіңді шаясың ба?!
Сұлу бейнең айналып жарасымға,
Сыр тұнғандай
Тұнжыр көзқарасыңда...
Тарқатылып мың өрім бұрымдарың,
Табиғатқа наз артып барасың ба?!
Толқыныңның
Мөп-мөлдір сыршыл үні,
Суарғандай
Кеудемнің жыр шыбығын.
Айна жүзің тосады көз алдыма,
Жайып тастап су асты тіршілігін.
Ақ шабағың
Бұлғаңдай
Ойқастап мың,
Көңіліме қандай сыр, ой тастады?..
Абайсызда
Шашылған жұлдыздар ма,
Тұнып қалған түбіңде
Қойтастарың?!
Текшелене орнаған қасыңа нық,
Кербез таулар
Көркіңе ғашық анық!
Еміренеді
Төніп кеп айдыныңа,
Аспа бұлтқа білегін асып алып.
Шыршалардың
Салтанат құруын-ай!
Сұлулықтың көңілді бұруын-ай!
Тау да жасыл,
Жер жасыл,
Көл де жасыл,
Жер-дүниенің жасанып тұруын-ай!
Бар жиһазын
Табиғат жиып көптен,
Бір өзіңе аямай үйіп-төккен...
Шіркін, Көлсай,
Құдіретті сыр-сымбатың
Сезім болып
Кеудеме сыйып кеткен!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter