Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  162


Автор: Қатира Жәленова

ТАЛАЙЛЫ ТАҒДЫР

марқұм Қашақбай Пірімовке
Жадау тірлік, дәмкес жан, дәрменсіз ұл...
Қу шешектен, аты өшкір, қалған сыз бұл.
Шөмекейдің жұртынан түтін түтеп,
Бір отбасы отырды қорғансыз кіл.
Жалғыз ұлдың ғұмыры – қыл ұшында,
Тағдыры тұр – құдайдың уысында.
Оразбике анасы зар илейді,
Кәлимасы сәт сайын – тіл ұшында.
Құлағына сол дауыс жеткен болар,
Құдай оңдап, шапағат еткен болар.
Бала тұрды ұзамай аяғынан,
Бір қатерден аман-сау өткен болар.
Заман озды...
Орнады жаңа дәуір,
Соғып өтіп тыншыды-ау қара дауыл.
Алғашқы боп сол сәтте сауат ашып,
Араласа бастаған қоғамға бұл.
Жұртты осылай аузына қарататын,
Басшы болып,
Ел көрді шарапатын.
Қазалыдан жалғыз жан иеленген
Еліміздің ең үлкен марапатын.
Жүруші еді-ау,
Ізгі ісі жағып көпке,
Дәріптемес адамды еш халық текке.
Аз ғұмырда өшпестей із қалдырған,
Рухы оның биік тұр анық көкте!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу