Өлеңдер ✍️
РИЗА БОЛ, БАБА!
Т. Ізтілеуовке
Тас жетім бала...
Ал, оған пана
Алдашбай ахун ашқан медресе.
Тас жетім бала...
Болғаны – дара,
Оқ бойы озып төске өрлесе...
Алған ілімін көкейге тоқып,
Ахундай тапса
Жанашыр жанды,
«Мир арабта»
һәм «Көкілташта» оқып,
Бұхара жаққа жолы ашылған-ды...
Білім-мұхиттың түбіне сүңгіп,
Шығыстың сүзді інжу, маржанын.
Ілімнің түбін індете үңгіп,
Байлығын алып
Нұр жуған жанын!
Сол Тұрмағамбет
Ірі ақын еді,
Даңқы алыс кеткен ауылдан асып.
Тұлғасы
Биік тұратын еді,
Өнер қуғанды бауырға басып.
Шәкірттің бірі – Темірбек Жүрген
Қолқалап сона-а-у
Алматы барды.
Ұсыныс қонып көңілге бірден,
Үлкен бір істі қолына алды.
Фирдоуси-сынды шығыс бұлбұлын,
Сайратты солай ана тілімде.
Тындырыпты ақын
Ұлы істің бірін,
Тыңдағам мен де бала күнімде...
Ұйытты жанды
«Шахнама» атты,
Шығыстың үздік жауһар мұрасы.
Қолынан түспей жастана жатты
Ұйықтағанда жұрт сөздің расы.
Діні мен тілін түгендеп жұртым,
Түзеді бүгін құбылаға бетті.
«Шахнама» десе
Шынында бұл күн
Аламыз еске
Тұрмағамбетті.
Жас ұрпақ өсті,
Қоғам да жаңа,
Дәулетімізге сай
Сәулетіміз бар.
Ояттық
Рухты,
Риза бол, баба,
Әруақ сыйлар әулетіңіз бар!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter