Өлеңдер ✍️
АЛАШТЫҢ ФАРИЗАСЫ
Аллаһ берген
Өзі алды аманатын...
Кезек жетсе,
Кім аман қала алатын?
Фаризасын іздейді ел әлі талай,
«Поэзия патшайымы» саналатын.
Есіне алып, елімнің кәрі-жасы,
Өзіңізден басталар аңыз басы...
Алшы түскен асығы әуел бастан,
Сіз едіңіз – алаштың Фаризасы!
Ақ Жайықтай буырқана тасып тұрып,
Жырыңызға ел-жұртты ғашық қылып,
Сіз едіңіз өктемдеу сөз айтатын,
Мықтыларды мысыңыз басып тұрып.
Сіз едіңіз сіңлілерін еркелеткен,
Өрге сүйреп өмірін көркем еткен.
Поэзия айдынында сол ақындар,
Өзіңізді ес көріп, желкен еткен.
Сол желкеннің жүзуші ек ығыменен,
Қалдық па біз сүйеусіз шыныменен?
Жо-жоқ апа!
Сіз салған сара жол бар,
Жоғалтпайды өзінің құнын өлең.
Сізге берген бұл – тағдыр сыбағасы,
Ортамызда болдыңыз жыр-анасы.
Мұраңызды сақтайтын ұрпақ барда,
Көнермейді өлеңнің мұнарасы..
Сіз – тірісіз.
Жыр – анасы!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter