Өлеңдер ✍️
"АҚБАЯНДЫ" АҢСАУ
Мәдина Ерәлиеваға
І
Армандай болған аппағым менің,
Атыңа жүрді-ау мақтанып елің.
Айналып алғаш Сыр сұлуына,
Ақмешітіңнен аттанып едің.
Жарқырап жанған жұлдызым менің,
Сағынды-ау сендей Сыр қызын елің.
Өз өрнегіңмен
Өнер бағында
Ән мұнарасын тұрғызып едің.
Алысқа барар дабысың бар-ды,
Алар ең жаулап тағы шыңдарды.
Теледидарда – өшпейтін бейнең,
Үнтаспаларда дауысың қалды.
Жалғанның дәмін тауыстың да сен,
Ана-а-ау жағаға ауыстың ба сен?
Бексұлтан ағаң Байкенжеевтей
Сазгермен сонда қауыштың ба сен?
Ән жаза жүріп аппақ арымен,
Жалғаннан опа таппағанымен,
Көтеріп еді-ау өзін де, сені
Аманат болған Ақбаянымен.
Бастап ең солай ән-ғұмырыңды,
Алладан алып мәңгілік нұрды.
Мәдина-ғұмыр жалғасын табар,
Болса да қысқа тағдырың мұңды...
Бойыңды жаздың туған жеріңде,
Құм кешіп, қызық қуған жеріңде.
“Тұлпарың” тулап жазым қылғаны-ай,
Тәуекелге бел буған кезіңде...
Аңдығанда ажал қақпан құрғалы,
Сезімің қалай сақтандырмады?
Сағынып жүрміз, жер – бесігіңе
Сыр – ана сені аттандырғалы...
ІІ
Айналған сона-а-у
Сағым жылдарға,
Ақбаяныңды сағындыңдар ма?
Күрең күзімен қоштасқан сәтте
Қия алмай
Мұңға малындыңдар ма?
Алатын баурап кәрі-жасыңды-ай,
Ұласар мәңгі
Әні ғасырға-ай!
Туар ма қайтып ән – падишасы
Елімнің ерке Мәдинасындай?!
Сырымнан ұшқан
Аққуым қайда?
Саз сырнайлатқан
Гәкку-үн қайда?
Жапырақ жайып
Өнер бағында,
Үлбіреп тұрған
Ақ гүлім қайда?
Тағы да қайтып
Күрең күз келді,
Ақбаянды аңсап жүрерміз енді.
Күрең күзбенен
Тағы бір ғұмыр,
Үзілмесін деп тілерміз енді!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter