Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  207


Автор: Қатира Жәленова

Айтармын кімге өкпені...

Айтармын кімге өкпені,
Өмір дегенің – өтпелі.
Жыл толды бүгін, анашым,
Өмірден өзің өткелі...
Алдамшы екен-ау, бұл жалған,
Ажалы жетсе кім қалған?
Айтылар талай естелік,
Артыңдағы ұл-қыздардан.
Есіме әр кез құдайды ап,
Жүрсем де сені мың ойлап.
Түсіме кірдің бір-ақ сәт,
Төбеңде жасыл нұр ойнап.
Баяғы аман-сау күнің,
Басыңда аппақ жаулығың.
Елжіреп тұрып қарадың,
Ысырып бұлтын қайғының.
Оянып кеттім кенеттен,
Өткіздім бәрін електен.
Өзіңді нұрға бөлеген,
Пейішті көрдім демек мен.
Ғайыптың аштың есігін,
Жүректе қалды есімің.
Өкпелеп кейде қалушы ең,
Бердің бе маған кешірім?
Қалдырып артқа наласын,
Кім тастар отқа баласын?
Азапға салмай жанымды,
Ақ сүтіңді кеш, анашым!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу