Өлеңдер ✍️
ЖЕТТІҢ, АПА...
Жай тапқызбай
Мазалап жаныңды шын,
Сені тартқан қалаға
Сағынышың...
Жеттің, апа,
Арқалап қоржыныңды,
Ауылдағы сан алуан қалып ісің...
Рахатына айналған
Жыр азабы,
Бір қызыңның
Жеткізбей жүр арманы...
Шөліркеген жанына
Сусын іздеп,
Бір қызыңның
Білімге құмар жаны.
Осылайша
Кеттік біз сенен жырақ,
Махаббатым өзіңе ерен бірақ.
Сағыныш боп
Өріліп бұйра толқын,
Саған қарай
Ағады өлең - бұлақ...
Тым алыстап кеткенім үшін мені,
Жазғырдың ба?
Енесің түсіме кіл...
Жүргеніңмен
Тағдырға мойынұсынып,
Жалғыздығың батады-ау,
Түсінемін...
Жүрсің бе, апа,
Жетелеп алдағы үміт,
Өзіңді-өзің жұбатып,
Алдандырып?!
«Қыз – жат жұрттық» деп
Әлде, түңілдің бе,
Көкірегіңді ашытып жалған күдік?!
Басылған жоқ
Өмірге еш құмарым,
Әрбір күннен
Шапағат тосты жаным.
«Ұлым жоқ» деп налыма,
Жаным апа,
Саяң болар
Қос қызың – қос шынарың
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter