Өлеңдер ✍️
ЖІБЕК ЖОЛЫ
Дүниенің байлығы,
Əр өңірдің асылы.
Қара жердің қайығы,
Өзіңменен тасылды.
Жер жоқ-ау, сен кезбеген,
Қоңыраулаттың жиі елді.
Дүниені жібек кездемең,
Тұтастырып жіберді.
Батысқа ұзақ жол алдың,
Басып үйсін, ғұндарды.
Тоғанақтап оралдың,
Керуен, кернай үн қалды.
Ау, дəлəмен жиекте,
Будақ-будақ шаң қалды.
Малындырдың жібекке,
Бағдат, Мысыр, Шамдарды.
Ағылшындар анталап,
(Көрінгенде көзіне)
Болсын ба онда ар-тағат,
Жүгірді əуел өзіңе.
Өнерін де ап келдің,
Өлеңін де ап келдің.
Керегін де ап келдің,
Еренін де ап келдің,
Елегін де ап келдің.
Күн жүрсің бе, түн жүрсің,
Тарта берер тағы алға.
Қалды басың кім білсін?
Қай бұғазда, каналда?
Аңқау, жуасжарқыным,
Көмпіс көлік атандың.
Өз далаңның алтынын,
Өзің артып апардың.
Жүре-жүре жол түсті,
Құрлықтарды жалғаған.
Соғыстарда болды ішкі,
Бірін-бірі жалмаған.
Құлақтарын түреді,
Керуен үнін сағынған.
«Жібек жолы» түйенің,
Табанымен салынған.
Керуен-керуен айбыны,
Арты– тарих, алды– арман,
Қара жердің қайығы,
Табаны жəй аударған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter