Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  128


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ҚОЗЫ КӨҢІЛ

Бөгендінің бойында,
Бақалының басында,
Өшпей қалған ойымда,
Басқан ізім барсың ба?
Бала-дуға қосылған,
Қозы-лағы жамырап,
Басталатын тосыннан,
Оркестрлі жаңа ырғақ.
Батар күннің арайы,
Бар өңірді əрлейтін.
Малшы ауылдың маңайы,
Өз-өзінен əндейтін.
Қыр отының иісі,
Қой аузынан бұрқырап.
Мəз болатын үй іші,
Тірлігіне нұр құлап.
Біткендей-ақ бір ісі,
Маздата отын жағатын.
Ірімшіктің иісі,
Мұрыныңды жаратын.
Ойламайтын бір бойлап,
Жатқанымен дала ұйып.
Қозы-лақпен бірге ойнап,
Кетуші едік дал ұрып.
Балалардың есті ана,
Міндеті бар баста айқын.
Сөне бере кешкі алау,
Қозы бөле бастайтын.
Қойыны ду қойлы аймақ,
(Сөнсе күннің шапағы),
Көрші ауылда гөй-гөйлеп,
Белгі беріп жатады.
Өзім ғана білемін,
Менің халым басқаша.
Тулайтын-ды жүрегім,
Қозы бөле бастаса.
Сездіретін бір күйді,
Көрші ауылды бір қыз бар.
Бізді көрсе бір түрлі,
Жымыңдайтын жұлдыздар.
Гүл дейсің-ау, бір көріп,
Қымсынасың қыз деуге.
Апасымен бірге еріп,
Қыдыратын біздерге.
Бүлдіршіндей бұла қыз,
Мені жұмбақ арбайтын.
Əзілдеуге бір ауыз,
Тілім құрғыр бармайтын.
Сөз құрайын əдемі,
Тағат таппай еш жаным.
Қозы айдаймын əдейі,
Көруге оны кеш сайын.
Кезігеміз кезеңнен,
Қозыларды алмасып.
Қыз көңілін сезем мен,
Айта алмайтын ол ашып.
Елігетін елік қыз,
Құпиялау өзгеден.
Сөйлесетін едік біз,
Сөзбен емес көзбенен. –


Келесің бе, ертең деп,
Бала тілмен сұрайтын.
Айта алмаймын «еркем» деп,
Бірақ, қызға ол айқын.
Қолын бұлғап ұзамай,
Бір ишарат беретін.
Қызыл көйлек– қыздар-ай,
Түнге сіңіп кететін.
Тербеуінде сол күйдің,
Мұң шағамын түнге үнсіз.
Төбесінде сол үйдің,
Жарқырайтын бір жұлдыз.
Қозылары біздегі,
Маңыраса түндерде

Шарпығандай қыз демі,
Дүрсілдейтін бұл кеуде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу