Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  121


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ДОМБЫРА – АҚЫН

Толғай күйді сезбеді-ау, тобан ұлың,
Сары желге қанша саз, тоналды үнің?
Сары жұртта қалыпты сары домбыра,
Бұтағына ілініп тораңғының.
Екі ішекті бей əуен безілдейді,
Безілдейді үні бір көз ілмейді.
Еңіресе осынау иен жұртта,
Ет-жүрегің қалайша езілмейді.
Сары ала жұрт сап-сары атырабы,
Сынып түскен сағанақ жатыр əлі.
Жел өтінде безектеп үн қосады,
Тораңғының сарғайған жапырағы.


Бəлкім, бұрын бір төрде тұрған шығар,
Шанағына тоқсан күй тұнған шығар.
Өз елі үшін өзегі өртенгендер,
Көз жасымен бетіңді жуған шығар.
Қадырыңды біреулер білген шығар,
Отқа жағып біреулер күлген шығар.
Əлде кімдер əуейлік əуені деп,
Ағаш атқа балалар мінген шығар.
Мейлі-мейлі ол жағын қозғамашы,
Өз кезінің болған ғой өз бағасы.
Боз даладан келеді ботасы өлген,
Боз інгендей домбыра боздап əлі.
Домбыраны қолына ап ақын бірдем,
Шағалалы шабытын шақырды кең.
Қос ішектің бойында он саусағы,
Ойнағалы ой толғап отыр білем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу