Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  131


Автор: Тəпей Қайысханұлы

АЙНАКӨЛГЕ АЙТАР СЫР

Өткен сонау қызықты есіл өмір,
Қайта оранып тұрмысың есіме кіл.
Бар асылын жоғалтқан адамдай-ақ,
Көл түбіне қараймын тесіле бір.
Айтып тұрған секілді сырын баяу,
Самалында бар ма əлде бұрынғы аяу?
Көл бетіндей кең айдын көңілімде,
Жеткізе алмас бір нəзік діріл бар-ау.
Бар лəззəтын бағыштап азғана өмір,
Тұрғандай-ақ шалқышы мəз бола бір.
Құрбы қыздар қайда екен сол шақтағы,
Үйіріліп тұратын наздана бір.
Бақытымдай мəңгілік нағыз менің,
Ойын-қызық қаншалық маңызды едің.
Ғайып бопты, дариға-ай, бірі қалмай,
Қайраныңда қалған сол бала іздерім.
Жүрегімде жұлдыз боп жанса үміт,
Махаббатым гүл ашқан таңша күліп.
Есіңде ме жағаңда бала қызбен,
Сырлар шерткен шақтарым тал жамылып.
Өмір-өмір не деген ардақты едің,
Жетелейсің қызыққа арбап тегі.
Тұрған кезде құс сəулем құшағымда,
Талай сурет өзіңде қалмап па еді.
Тағдыр дəмі дегенмен қышқыл еді,
Жанарыма кейін көп қыс түнеді.
Сағындырған жаныңа қайта келдім,
Сүйші мені, құшақтап қысшы мені.
Айналайын, дуыңнан ақ құстарым,
Тек өздерің секілді нақ құштарым.
Жүзейікші көл бетін емін-еркін,
Сендердің де келді-ау, бір бақ тұстарың.
Тай-құлындай таптаған бір көне үйірін,
Жүгіруші ең жағалай көл иінін.
Қайда, қайда сондағы айтылған сыр,
Жұтып бəрін кетті ме көк иірім?
Тағы мінез тағдырдың ақ бораны,
Енді қайда сүйрелеп ап барады.
Іздегендей əр нені ой сазаны,
Көлдің түбін айнала ақтарады.
Айтшы маған аяулы ана– көлім,
Неге сонша көңілім ала кеуім.
Маңдайыма көп ойдың ізі түсіп,
Өшкін тартып əйтеуір, барады өңір...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу