Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  114


Автор: Тəпей Қайысханұлы

АҚБЕЙІТТЕ – АҚ ЖАУЫН

Жібермей бозбаланың босқа арманын,
Жаныма нажағайы қосқан жалын.
Армысың, анадайдан көрінетін,
Бір кезде көшкін орған қос көкжарым.
Нар кеудең ну қарағай бұйра жасыл,
Жүреккежырдан мерует құйған асыл.
Отырып көк төбеде көкке жақын,
Табиғат өзі шерткен күйге бас ұр.
Ақбейіт дамылдайтын кең бір алаң
Сағына сай аузынан енді балаң.
Тұр ма екен ата жұрттың орынында,
Бұрқырап сасық қурай, меңдуанаң.
Жүрсем де құмыл жақта бақты аралап,
Қадырыңды көңілім ұқты аялап.
Сағынам жаңбырыңды жауама деп,
Сен жақтан асқан бері бұлтқа қарап.
Тоймайды-ау, қасиетіңе шіркін адам,
Түлігің жасыл түсте шұрқыраған.
Тұр ма екен құздарыңда бөртеленіп,
Ақ бұйра қожа шөбің бұрқыраған.
Бас ұрмас биік-биік тау ешкімге,
Тұрады бойын созып талас күнге.
Үстінде тұрған шығар жартастардың,
Секиіп бұғы, марал, тау ешкің де.
Жатса да тау-тау тастар тосып алдын,
Екі өзен күркіреп кеп қосылатын.
Жырлаймын жырларымның əр жолында,
Көкжар мен Ақбейіттің қосып атын.
Сұсынан күркіреген күй алдым ба?
Күй алып жаңбырыңдай құя алдым ба?
Балапан қарағайын ала кетіп,
Тігіп бір қояр ма едім үй алдына.
Дариға-ай, кең шалғынды кешіп белден,
Өрірек шығар ма едім есіп кермен.
Ақ мекен– ақбейітке бүгін білем,
Сияқты Абай ауылы көшіп келген.
Жатар ма ем көріп, шіркін, сəніңді айлап,
Бір кезгі бейғам бала шағымды ойлап.
Тұр екен балалығым жасырынып,
Қай қарағай түбінде шайыр шайнап.
Əйтеуір, келдім дағы ала қыздым,
Сияқты өз анамыз– дала біздің.
Қарағай арасынан білдіңдер ме,
Көздері күлімдейді бала қыздың.
Қолында еркі қыздың, тізгіні ұлдың,
Шомылдым шуағына ізгі күннің.
Жататын баяғыда анау сайдан,
Түтіні шұбатылып біздің үйдің.
Тамаша табиғатқа ұйып тұрған,
Айналдым қылықты қыз, сүйікті ұлдан.
Ағынан ақтарылып ақынына,
Ақ жаңбыр– біздің көңіл құйып тұрған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу