Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  141


Автор: Тəпей Қайысханұлы

МҰЗТАУМЕН СЫРЛАСУ

Арылмаған алмисақтан мұз– қарың,
Көк найзадай көкке кірген құздарың.
Жер шарының қарауылы секілді,
Қаһарлы бір қ
асиетіңді бұзбадың.
Болжап, біліп, болашақты, жырақты,
Мекен болар еліме деп тұрақты,
Ақ боз атпен келе жатып, кілт тоқтап,
Манас батыр тұрып қалған сяқты.
Əулие тау əулетінің айбыны,
Бастан кешкен қасіретті, қайғыны–
Етегіңе толған жасың секілді,
Мөлдірейді қара көлдің айдыны.
Құзарыңнан аса алатын күн əрең,
Құзарыңнан көрінетін күллі əлем.
Дүниенің екінші үлкен шоқысы,
Бауырыңда қалықтады күй-əуен.
Құлаш ұрған қуаныштың таңы үшін,
Таныдың ба туысыңның дауысын?!
Сыр ұғады қомызымен жарысып,
Қыдырады домбыра үні тау ішін.
Тұмақ етіп киген бұйра бұлттарды,
Құзарыңда бір ғажайып ұл бар-ды.
Шыңдарыңа тартып туған Шыңғысың,
Ұстаз тұтқан біздің ұлы Мұхтарды.
Сол Мұхтардан өнеге алған, ұқсаған,
Ұқсаған да құс қаламын ұстаған.
Келіп жатыр бір топ қазақ ақыны,
Бауырыңда жыр қаламын ұштаған.
Іздеп келген туыстарың шалғайдан,
Сағынышын сарқа ала ма салмай əн.
Сеңгірлерің селкілдесе сезіммен,
Кемсеңдерсің басыңды иіп шалқайған.
Телітеді жүрегіңді жүрекпен,
Ерітеді мұз-қарыңды жыр-өтпен.
Жатқа алады мұз бұршақтың ерлігін,
Ақтарады тарихыңды бірге өткен.
Сапырады қара көлді сазымен,
Шақырады шабытыңды қаз ілген.
Қалықтайды «қара торғай» əуені,
Шарықтайды домбырада «Бозінген».
Қайрылып қарағанда өткенге,
Көз алдыңда көлбеңдейді көп бейне.
Бір жасарып қалдым дейсің, келгенде,
Қазағымның жігіттері от кеуде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу