Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  99


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ЖЫЛАП КӨШКЕН БҰЛТТАР

Арт-артынан, апыр-ау, шұбырып бар,
Қайда үдіре тартты екен сұры бұлттар?!
Тыншымайды менің де жас жүрегім,
Дегендей бір солардан сыр ұғып қал.
Үрікті екен бұлттар, сірə, неден?
Шошыды ма құтырған мына желден?
Жапырағын ақ жаңбыр жасқа шылап,
Еңіреп тұр жолында шынар-емен.
Көшіп жатыр, белді асып кетіп жатыр,
Жарасқандай өзіне өз қалауы.
Табиғаттың сор кешкен жетімегі,
Не тіледі тағдырдан, не тіледі?
Бір кездері қазағым дəл осындай,
Жылап көшкен бұлттар секілді еді.
Сүреңсіз ғып осынау айналаны,
Жабағы бұлт қанатын жайған ары.
Күркірейді, гүрілдің соңы барып,
Беймəлім бір дұғаға айналады.
Ауған елдің сұмдықтан қорынып бар,
Тұрғандаймын көшіндежолығып дəл.
Жасын төгіп барады қарашы, əне,
Қара жердің бетіне сорлы бұлттар.
Күбірлей ме сыр айтып, сірə, маған,
Мөлтеңдейді неліктен мына далам.
Бүгін əйтеуір, өзгеше бұлт мінезі,
Мұңлы əуенге басыпты бір аламан.
Бұзылды екен мұншалық шырқы неге?
Осы тауға болмай ма бір түнеуге?
Дүркіреген секілді, шұрқыраған...
Жау айдаған бір кезгі жылқы ма əлде?!
Тарих дертін жатқан ол қозғап ары,
Боз інгеннің емес пе боздағаны?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу