Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  143


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ҚАР ҚАЛДЫҒЫ

Қалмайын деп кеи сырды жаңсақ ұғып,
Алға жүзем тірлікте аңсап үміт.
Қыс күнінде қадірін сезбегенмен,
Қалады екен жазда адам қар сағынып.
Болсадағы шамалы ол да таным,
Шабыт қысып өзімше толғанамын.
Тау басында көрінер қар қалдығы,
Сəлдесіндей ағарып молда атамның.
Ми қайнаған ыстықта ерімеген,
Жаралды екен, япырау, тегі неден?
Елітемін сері құс ұларына,
Таудың таза мас болып деміне мен.
Арманындай алдағы бар аңсаған,
Ақ жаныңнан өмірлік нəр алса адам.
Жүрегінде кіршіксіз бір сыр бар-ау,
Көп қарайтын күн салып анам саған.
Алмаушы еді қазағым көшпей тыным,
(Жұтты қанша есілін мешкей түннің).
Сонда бəлкім осынау ұлы тауда,
Қалдырған-ау, мұрасын өшпейтұғын.
Сала бермей талығып көзімді құр,
Ойлайыншы, неліктен төзімді бұл?
Жатсын мейлі жанымда бұлақ тулап,
Қандырайын қарменен шөлімді бір!
Сүй бұлбұлын, жүрегім, сүй ұларын,
Құштарлықтан бір ғажап сыр ұғамын.
Жақсы көрем, əйтеуір, қыс күнінің,
Сары майдай сақтаған сүрі қарын.
Пенде өзегі...Жетем деп талды ма екен?
Сенен бір сəт шөлі, я, қанды ма екен?
Осы жақтан көне көз– тоқымдай қар,
Қанша қыстың қарының қалдығы екен?
Шер күнідей өмірге ғарып төккен,
Бұлт бөлшегі-ау, түскен ол тайып көктен.
Жоқ, əлде кім анау бір тас бетіне,
Жайнамазы емес пе жайып кеткен?
Боранына тозбастан сары күздің,
Тау басында жатырсың əлі біздің.
Қапияда сол жерге түсіп қалған,
Ақ шыты ма деп қалам ару қыздың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу