Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  124


Автор: Тəпей Қайысханұлы

АҚЫТ ШЫҚҚАН АҚ АРҚА

Таңбасы бар тарихтың ардың да,
Жатыр шалқақ ақарқа тау алдымда.
Ақыт ақын келіп қайтқан деседі,
Осы тауға жарты ғасыр алдында.
Кері заманда бəрі ілгері баспаған,
Ұлы ақын да аз ба деші басқа алаң?
Мұндағы елдің мұң-наласын жырында,
«Барып қайттым бясан тау...» деп бастаған.
Тұман торлап тұншықтырған кең жерін,
Еркіндіктен, бостандықтан кенде елім.
Өр Алтайдан жыр өзегі өртеніп,
Сезді ме екен ғұлама ақын келгенін.
Жылады екен оқ жалмаған қай ұлға?
Сөгілді екен қабырғасы қай мұңға?
Қай ғазалын толғап ақын тұрды екен,
Қажы тонын жамылып қай қырда?
Көкірегі толып ащы арманға,
Нəлет айтып жатты ма екен жалғанға.
Қайран ақын күңіренген күй кешті-ау,
Қос самайын күміс қырау шалғанда.
Қараңғы елді шау тірлікке қамаған,
Жендеттерге қыран көзін қадаған
Қыран көзі қандай сəуле көрді екен,
Мекке жаққа, Мединеден құлаған.
Анау шыңда жүресінен отырып,
Елдің шерін көкірегіне толтырып,
Қандай ғажап жақұт жырлар төгілді,
Өз аузымен өз жұртына оқылып.
Ғақлия, данышпан ой бір ұтып,
Қам-қарекет, тіршілікті ұмытып,
Тұрған шығар ұлы ақынның сол кезде,
Қирағаты күллі жерді ұйытып.
Ақарқаға барған емес Ақыт құр,
Тұман-мұңнан деп елімді айықтыр,
Ой тастаған ондағы елге өлмейтін,
Шашып кеткен жүрегінен ақық жыр.
Мың түрлі əуен əуелеген күшті үнмен,
Құс сайрайды маңайымнан, үстімнен.
Басымды иіп Ақарқаға шықтым да,
Өлең оқып өзге күймен түстім мен.
Дəу шыңдары ойға терең шомғаны,
Ұлар үні– ұлы ақынның соңы əні.
Ақарқадан бір ақша бұлт кетпейді,
Ақ сəлдесі шығар бəлкім сондағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу