Өлеңдер ✍️
ТЕРІСҚАҚПАЙ
Мен тегі ақын едім, ақын едім,
Ақынын ардақтайтын ақын елдің.
Ақ шабыт– ақ шағала айдында ұшып,
Алдымнан ақ сəуле боп атып едің.
Мен сонда рақатыңа батып едім,
Япырай, ақыны едім ақын елдің.
Не деген қиын еді тірлік деген,
Шаруаңыз шалдықсаң да бір бітпеген.
Күйбеңмен күн өткізген күң өмірдей,
Өшіңді алдың ба енді бірігіп менен,
Тартасың неге тізгін іркіп төмен?
Түсіп ап тұрмыс деген сұм алдыма,
Телегей– теңіз сезім суалды ма?
Мұрсам да келмей кетті-ау, келмей кетті-ау,
Қарағым хал қалай деп сұрауға да.
Шалынса құлағыңа тосын ырғақ,
Ілезде əкеткендей досың ұрлап.
Дұғалап айналаңның ақиқаты,
Ақыры əн саласың қосылып ап,
Қарағым, қиын екен осы бірақ.
Төндіріп өтірікті өзге не бір,
Төпелеп жатса-дағы төзді көңіл.
Шашылып кетті ме екен төңірекке,
Төңірекке білмедім тозғын өмір.
Таусылмай күйкі тірлік күйбіңім-ай,
Тартады ойымды олай, күйді былай
Қиялдың хикіметін қоя тұршы,
Ғұмырдың басымдағы қиқуын-ай!!
Қартайдық, балам!– дейді, ата-анам да,
(Селк етем еркелетіп атағанда).
Не тындырып бердім мен солар үшін,
Бəрінен осы бір жай батар жанға
Қарғыс па, кім біледі бата алам ба ?
Немесе кезбе-дəруіш атанам ба ?
Ақ таңы мен туғанда атқан шығар,
Ауызына тістеп жүріп баққан шығар.
Адам ғып, адал етіп ақиқатқа,
Алдыма арман шамын жаққан шығар.
Осының бəрі ішінде жатқан шығар.
Аға-інім қабағыма қарар ма екен,
Қас-дұшпан қанатымды қаға ма екен ?
Сендерге өзімді айтып үлгіргенше,
Өзімнен айырылып қаларма екем.
Жарың жақсы болса егер күш аласың,
Күш аласың шын лəззəт құша аласың.
Жақсы жарың-жаныңның бір қанаты,
Болашаққа бірігіп ұша аласың.
Ұша аласың шын бақыт құша аласың.
Бірақ, өмір оңайға ұшырмайды,
Бақытын да оңайға ұсынбайды.
Бəлкім, қиын кешулер кешіп жүріп,
Орнатарсың əреңге тұсыңа айды.
Кейбіреу түнде көрген түсің,– дейді,
Бəрі де өмір сүру үшін мейлі.
Адамдарға көңілім ақ ілескей,
Мұны да түсінбеді, түсінбейді,
Бəрі де өмір сүру үшін мейлі.
Дейсің-ау, бəрі-бəрін басқа ұр мұның,
Тағы да қан қақсайды-ау, қасқыр ұлың,
Ары жақта толқып жатқан толқын ойды,
Шығарып үлгіргенше қас дүлдүлің
Басып-озып кетеді-ау, жас құрғырың.
Тағдыр жайлы шешетін сұрақ тұр ғой,
Секунтына сырғиды сынап– мың ой.
Шашылған өміріңді жинағанша,
Қарттық та ілінетін сяқты ғой.
Адамдар-ай, əйтеуір, арандама,
Ақиқатқа бұл жаным адал ғана.
Болжай алмай жүр ме деп болашағын,
Айналайын, ағайын, алаңдама,
Алаңдама, керегі– бағаң ғана...
Мен тегі ақын едім, ақыны едім
Ақынын ардақтайтын ақын елдің.
Ақынның жүгі ауыр ғой, білесің бе,
Табармын өстіп жүріп ақыр емін,
Ақыны едім мен тегі ақын елдің.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter