Өлеңдер ✍️
ӨМІР -АЙ
Айтуға асық тұрасың,
Досыңмен кеңес құрасың.
Өмір-ай, неткен дарқан деп,
Жайылар еркін құшағың.
Сыйласа сені ел үзбей,
Тірлік пен бақыт егіздей −
Өмір-ай, неткен шексіз деп,
Шалқисың шалқар теңіздей.
Хат күтіп аға-бауырдан,
Жүргенде алыс ауылдан −
Өгейлік өмір кешесің,
Шағыңда жаның ауырған.
Жаныңды шаттық жел үрлеп,
Тұрғанда туың желбіреп
Қияды келіп қылтаңнан,
Осы деп өмір сонда да,
Жасыма жауым жеңді деп.
Білмеген естіп бұрын көп,
Шығады дауысың құлын боп.
Тұрады семсер жүзінде,
Өмірің сенің дірілдеп.
Озғанда сені көре алмас,
Тозғанда тонын бере алмас −
Ағайындар да белгілі,
Өмірге екі келе алмас.
Бастығың мойын бұрғызбай,
Қастығың қанша жүр мұздай.
Күңіренттің қанша қу өмір,
Абайды дала сыйғызбай.
Ойламай мұңға батам деп,
Мінгізген атқа қатал кек − Жауынгер өмір жасаған,
Исатай менен Махамбет.
Болған соң өмір-көш бірге,
Зəбірі жоқ-ты ешкімге.
Сонда да атар Дантестер,
Қызғаныш оғын «Пушкинге».
Кейде бір күн де, түн жылап,
Жүресің үнсіз тұнжырап.
Өмір-ай, қысқа өмір-ай,
Арманың əлі тұр жырақ.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter