Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  92


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ТІЛЕК

Жетпеседе тауға əлі,
Демімен дымқыл жиі өпкен.
Біз жаққа қарай аунады,
Бұлттарым батыс жиектен.
Шаң қауып бозғылт даланы,
Күткелі қашан бір нөсер.
Сарғайып гүлдер барады,
Жаңбырмен көктеп бірге өсер.
Тұратын əсем сəн құрап,
Орманның жасыл жүрегі.
Жапырақ басы салбырап,
Сарғайып біткен реңі.
Шыбын-шіркейі шырқыңды ап,
Аранын аптап ашқанда, 
Төседі аузын шиқылдап,
Балапан талдар аспанға.
Сіркіре келіп бұлттарым,
Далаңа мынау сусаған.
Тілегін жанның ұқ бəрін,
Алақан жайып тұр саған.
О, менің аспан құдайым,
Бұлт омырауыңды и бірақ.
Ақ жауыныңа құлайын,
Кеудеме толсын күй-ырғақ.
Бар үміт саған байланды,
Қонасың бұлттар қай маңға?
Əжем де үйін айланды,
Шөмішін малып айранға.
Сіркіре мейлі, сіркіре,
Шаң-тозаңдарды шайып бір.
Күркіре, мейлі күркіре,
Жерге енсін пəле-қауіптер.
Жасарсын байтақ мекенім,
Жасыл бір нұрға боялып,
Түрсін де таулар етегін,
Көтерсін басын оянып.
Сілкіне тұрып жетейін,
Маужырап мен де барамын.
Жаңбырмен бірге кетейін,
Бойына сіңіп даланың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу