Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  149


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ЖҮРЕГІМ МЕНІҢ

Неге тұрар дариға-ай, мың қиялым,
Тірлігімнен тынымсыз сыр жиямын.
Құлын жүрек елеңдеп əлденеге,
Асығамын, қарадай ширығамын.
Білгеніңді дей ме елден жасырма түк,
Шауып бара жатқандай тасырлатып.
Бəр-бəріне төзе алмай кейде оның,
Дөңбекшимін, қиналам басым қатып.
Құштар еткен жүрегім əнге мені,
Лəззəтті өмір білемін əн дегені.
Тыныш таппай осынау тар кеудемде,
Іздейді де тұрады əлде нені?
Арулардың көзінен от іздейді,
От іздейді, үмітін ол үзбейді. 
Көңілімді кей сəтте алдарқатып,
Тарту етіп жатады мол ізгі ойды.
Лəззəт алып сəулемнің əр үнінен,
Көздеріне тоймай бір əлі үңілем.
Кешіп келем, əйтеуір, бақ пен сорды,
Жүрек сенің тым қатал əміріңмен.
Құлаш ұрған биікке жас арманы,
Дей алмаймын жүректі қасаңдады.
Тапсамдағы мың жоғын іздеп жүріп,
Бірі кем боп тұрады қашандағы.
Ғайып болып кеткендей досым мүлдем,
Кейде адамнан қорқамын осы жүрген.
Озсаң болды жыққалы тұрады екен,
Бір пəлеге бір жала қосып үлкен.
Түсірсе де басыма қатал қайғы,
Тайласуға əркіммен бата алмайды.
Жүрегімді қашанда сұм пенделер,
Қызғаныштың оғымен ата алмайды.
Сыр ақтара берейін, сыр ақтара,
Жүрек, жүрек бəріне сияқты ана.
Бірақ, кейде төзе алмай қасіретіңе,
Оңашада аламын жылап қана.
Қай кесірің өмір-ай, жолықпады?
Арындаймын бəрін де жойып тағы.
Қайшылықтың ішіндежалын атып,
Өр жүрегім тұрады соғып мəңгі!
Жыр тілі бар, əуелі құс тілі бар,
Сенен ғана ғажайып күш туылар.
Əйтеу, менің кішкентай жүрегімде,
Прометей отының ұшқыны бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу