Өлеңдер ✍️
БАТЫР ТОЛҒАҒЫ
Қайран дала жататын жырға айналып,
Қайдан ғана қор болды «жын» байланып?
Қанатымен тілгілеп мұң-тұманды,
Бір қыран құс аспанда жүрді айналып.
Естімейсің бұрынғы тұнық əнді,
Күн қабағын бір ашпай тұрып алды.
Бір сұмдықты сезгендей шың басында,
Ұзақ ұлып бір көкжал тұрып алды.
Күзетшідей тек өзі қыр-далаға,
Жатқан анау бекініп бір дараға,
Тұрды орнынан қас батыр елең етіп,
Жанын байлап елі үшін бір ғана арға.
Табиғат та бірлесіп алама өшін,
Сілкіледі ақ боран қара қосын.
Қара ішігін жамыла қас батырың,
Садағына ілулі қарады сосын.
Қара тұлпар белдеуде кісінеді,
Кісінесін білмейтін кісі ме еді.
Қара нөпір қалың қол түсіне енген,
Сəт туғандай сынайтын күшін елі.
Кеудесінде бар екен қандай алаң,
Елестейді бір майдан қан бояған.
Қабағынан қар жауа шықты қостан,
Дала− дүлей ақ жорға қар бораған.
Даласымен мəңгілік туыс жаны,
Жанарынан бір жалын тұр ұшқалы.
Туған жердің қар жапқан топырағын,
Қолд
арымен балуан бір уыстады.
Уыстады өн бойын жалын кернеп,
Бір дауыл күй сұрапыл жанын тербеп,
Көкірегінде атойлап асау арман,
Аласұрды бойында жауынгер кек.
Қар астында бұлығып қормал далаң,
Бір үрейге тұншыққан қорған далаң.
Аппақ қардың үстінде қап-қара боп,
Бара жатыр қара аю қорбаңдаған.
О, заман-ай, заман-ай, бұлтақтаған,
Көкжал мінез дала ма ұл таппаған?
Ақ адырдан алыстан ауылының,
Көрінеді түтіні будақтаған.
Көкжал үнін ақ боран ала қашып,
Жеткізеді ұрандай далаға ашық.
Сілкіндірді тау-тасты, құз-қияны,
Тұлпар дауысы, бөрі үні араласып.
Аруағына бабаның мол дұға ғып,
Көкжал рухы билеген ол бір алып.
Томағасын сыпырған дəу бүркіттей,
Тұлпарының үстіне қонды барып.
Шың басында атойлап ізгі арманы,
Қастарына шор-шор боп мұз байланды.
Ақ бораны − алдырмас алдаспандай,
Ұқсады өзі ғажайып құзға айбарлы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter