Өлеңдер ✍️
ӨМІР ЖƏНЕ МЕН
Өмір өзі сыйлаған,
Қанша, сірə, сый-бағам?
Кең далаға білемін,
Кездерім бар симаған.
Сіркіреген жауындай,
Сыр тілегем жаным бай.
Атылатын жүректен,
Шіркін, өлең жалындай.
Бойда қанат күш− ағын,
Гүлге толып құшағым −
Жұдырықтай жүрекпен,
Бұлдырықтай ұшамын.
Жол басқандай бір күдір,
Құлағымда жүр күбір.
Бұрқырайды жусан ой,
Шұрқырайды жылқы жыр.
Сүрлеу ойдың сұрағы,
Құлағымда тұр əлі.
Дүбірлейді түндерде,
Тұлпарлардың тұяғы.
Жел өтінде жетілген,
Жетігендей шертілем.
Қоңырлатып келемін,
Қоңыр адыр шетіңнен.
Құлағыңды сал далам,
Абызыңа сарнағам.
Баяу əнге басам мен,
Бұқар, Дулат салмаған.
Көк найзалы көпшіл ер,
Махамбеттей жоқ жігер.
Қорамсақсыз болсам да,
Қойны-қоншым тоқ жүрер.
Бес қаруым ұстаған −
Бебеулейді құс қалам.
Шер күйім бар азырақ,
Шерниязға ұқсаған.
Сезім деген құс − перім,
Дүр-дүр етіп ұш мейлің.
Пушкин, Сергей сияқты,
Сергелдеңге түспеймін.
Ақ қағаздың ақ айдын,
Жүздім бетін талай күн.
Қай қырыңа шықсам да,
Ізі жатыр Абайдың.
Қас− самайы мұз− қырау,
Келе жатқан күз мынау.
Əттең, тірлік бала ойдың,
Тыныштығын бұздың-ау.
Əйтсе де, өмір əніңмен,
Тербелемін əлі мен.
Тиын екен алайда,
Қиын екен бəрінен.
Басындағы бақ– сая,
Өрт ілінсе бақшаңа−
Жүгіреді алдымен,
Өзің емес ақшаңа.
Меңдесе де қу уайым,
Өтер арман қумай кім?!
Ызыңдаймын сонда да,
Сабағындай қурайдың.
Байғызың боп шақырдым,
Байқұсың боп ах ұрдым.
Бойымдағы бар ойға,
Жетісе алмай жатырмын.
Естілмесе еш үнім,
Бар кінамді кеш, інім.
Жолаушыдай түсемін,
Белдеуіңе кеш құрым.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter