Өлеңдер ✍️
АПАЛАЙДЫ КӨҢІЛІМ
Əлди-əлди естіліп апам əні,
Баяғыдай көңілім апалайды.
Немересі «əкелеп» жүгірсе де,
Еркелегім келеді апама əлі.
Апалаймын көп күндер көрмегенге,
Апалаймын жолықсам көлденеңге.
Кісілігі кемейіп мына көптің,
Апалаймын мейірге шөлдегенде.
Апалаймын ой мұжып жатқан шақта,
Апалаймын жанға мұң батқан шақта.
Апалаймын түн бойы, ал, тəңертең −
Көз тігемін күн күліп атқан жаққа.
Апам күнге ұқсайды, күн апама,
Бір жақындық бар, əйтеуір, бұл атауда.
Апам жоқта шуақ та төгілмейді,
Апасыз күн, білмеймін мұнарта ма?!
Күн мен апам төгілген тірі шуақ,
Кетпесе екен, дариға-ай, бірі құлап.
Бір пəлеге жолықсам тілге оралар,
Апам аты Алладан бұрынырақ.
Құлағымда мейірлі дауысы− алтын,
Алыс кетсең сабырың тауысатын.
Бара қалсаң сақтаған ақ мейірі-ау,
Кір-кір шақпақ қантын
ала ұшатын.
Талпындырып мені бір тау-талапқа,
Қалды қанша көз ілмей таңдар артта.
Алмастырды-ау, тек менің бақытыма,
Тал-тал қара шаштарын тал-тал аққа.
«Тентектігің, қарғам-ай, үйде сенің»
Деуші еді апам мен қалай үйлесемін.
Көтеретін бəрін де апам екен,
Апам жоқта мүсəпір күй кешемін.
Əңгімесі айтатын кейде тұнық,
Ертегідей жатады күнде оқылып.
Дал болып жүрсең де дала жақта,
Дұға оқитын біз үшін күнде отырып.
Тұрмаса да тоқ көңіл толысып-ақ,
Тоғыз жаққа жөнелдік тоғыз ұрпақ.
Апа ойында тоғысып бір толқиды,
Тоғыз əуен, тоғыз күй, тоғыз ырғақ.
Қажытса да қу тірлік− күндегі еңбек,
Келе ме деп біріміз күнде елеңдеп,
Қарбаластан жүреді қазан жақта,
Қасқаршасын қайнатып күйбелеңдеп.
Бара қалса көңілдің маздап əні,
Жанарына жадырап жаз қонады.
Ала барсаң бұрышын, қалампырын,
Алтын алып келгендей мəз болады.
Қою шайын ұрттаса-ақ бұрыш салған,
Өн-бойы да сергиді-ау құрыстанған.
Апа аузынан тарайды сосын барып,
Ақыл, кеңес, өмірлік дұрыс талғам.
Əлдиімен өмірдің бастап əнін,
Бұзған талай тағдырдың тас қамалын.
Алыстасам апамнан мұң басады,
Апам барда жоқ рас басқа алаңым,
Апам барда мəңгілік жас баламын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter