Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  184


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ЖЫЛҚЫ − ӨМІР НЕМЕСЕ ƏКЕМ ТУРАЛЫ ƏҢГІМЕ

Далаға ақ тон киіп мынау жатқан,
Жанымен, жалынымен алау жаққан,
Тұрады бір жас жігіт жылқы көздеп,
Қыратта қас, самайын қырау жапқан.
Жылқылар кете ме деп боранда ықтап,
Тəуліктеп тынықпаған оңай ма ұйықтап?
Басында қызыл күрең түлкі тұмақ,
Киінген қасқыр ішік орай қымтап.
Шошынған темір тұяқ түліктен құр,
Ақ жорға− ақ құйрық аң үріккен бір.
Кер айғыр күпі жалын күдірейтіп,
Үйірін ықтасынға іріктеп жүр.
Құрулап өткен талай құру жалған,
Сақтаған жануар-ай, бұрын жаудан.
Тұяқпен теуіп жеген боз жусанның,
Келеді қымыз иісі мұрын жарған.
Ұлыған бөрі үнімен араласып,
Ақ жорға анау дөңнен барады асып.
Қыратта қырағы көз бəрін көріп,
Тұр жігіт тұлпар ойын далаға ашып.
Үздіккен үн келеді алыстардан
Сағынды ол ауыл жағын алыс қалған.
Іздей ме бір əуенді таныс бұрын,
Боранмен жаңғырыққан дауыстардан.
Жабағы тай, ақ жабу қайда оған,
Көрінбейді қара жер қар бораған.
Ұмытып өзін мүлде құрайлап жүр,
Амандау жылқыларын арман оған.
Бір кетсе жылқы отарға ай кетеді,
Көңілін ауылының жайлы етеді.
Жел қанат жылқымен бір күн кешеді,
Бөктеріп малта, талқан, шай кесені.
Батпандап артқан оған жүгін елі,
Жүрегі соған ғана жүгінеді.
Аяғын тебінсе де аяз– ызғар,
Шымырлап табанынан жүгіреді.
Қара отты мешін таудың жал-қыраты,
Жігіттің үміт отын жандырады.
Ыстық та ұрттамаған тəулік бойы,
Жылытады тек қана оны жан мұраты.
Береді шалғай отар қол үшін кім?
Белгілер бебеулеткен қонысын күн.
Өтті екен қанша түндер ақ бұрқақтап,
Жантайған шешпей-ақ, сол тон-ішігін.
Жар, бала артта қалған шіркін, өңір,
Ақ дауыл бұзған талай шырқын өмір.
Осылай өте шықты-ау, ат үстінде,
Дариға-ай, жігіт өмір, жылқы көңіл.
Жігітті сынаған-ау, сонда ауылы,
Өмірлік күрестерге сомдап ұлы.
Соқса да уақыттың сан дауылы,
Көтерді сары атандай сандал ұлы.
Дауылды борандарда басылмаған,
Жел өкпе жемірлерге бас ұрмаған.
Ақ туы адамдықтың жығылмастан,
Желбіреп тұрды білем басында аман.
Əлде кім кір іздеген ақ жанынан,
Күндерде жол мұнартып, бақ жаңылған
Тағдыры жылқымен бір жазылған ба,
Бір қолы айрылмаған ат жалынан.
Күндерде қиын-қиын қысқа не бір,
Қайырылды-ау, қанатынан ұшқан көңіл.
Жүргенде жағаласып ат жалымен,
Сары шалға айналдырды-ау, мыстан өмір.
Өмірде сан шираған, сан үгіліп,
Сонда да жетелеген сағым– үміт.
Барады сары шалың сары далада,
Сары бауыр жорғасымен салып ұрып.
Жемісін тірлігінің қоса ұрлаған,
Тағдыры сезіледі тосын маған.
Қанша қара жарыста қара үзгенмен,
Бəйгеге бір шешіліп қосылмаған.
Қалғанда қой торылар қолда кілең,
Қарттыққа мойындадың зорға білем.
Кісіней ме, далаға елеңдейсің,
Баяғы ақ боз ат пен жорға күрең.
Тұқымын қара көктің жиып ерен,
Жүргенін жылқы отарда жиі көрем.
Көбейіп сырқаты да осы күні,
Соғуы жүрегінің жиілеген.
Қонғанмен əр бір жаққа қаша барып,
Шуағын əкем əлі шашады анық.
Демалыңыз дегенмен осы күні,
Демалуға жағдай жасамадық.
Əке болған бір үлкен кісідейін,
Жүрсек те жүректе бар кішірейгің.
Жаным
қатты қиналған шақтарымда,
Əкем жаққа құлындай кісінеймін.
Əкем− том, үлгірмеген оқып əлі,
Бізге арнап бар дұғасы оқылады.
Кереге жайып бөлек кетсек-дағы,
Алаңдап əлі бізге отырады.
Құлын-көңіл жатқанмен кеудемізде,
Бей түсінік бар ма екен бейнемізде.
Бір ауылға сөзі өткен карияның
Сөзі өтпейді, япыр-ау, кейде бізге.
Ұрпағым көштен кейін қалмасын деп,
Қанаты биікке ұшқан талмасын деп,
Беймезгіл қалған шығар əкем менің,
Жұрт қамын ойлап− ойлап қан басым боп.
Жылқымен жауға шапқан, отқа кірген,
Тұрмайды-ау, қазақ жылқы жоқта мүлдем .
Жетпістен асса-дағы əкем менің,
Қолынан тастамай жүр ноқта-жүген...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу