Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
16.09.2022
145
Ұмыта алмай...
Ұмыта алмай,
Ақ параққа жүректің жыры тамбай.
Тағы отырмын таусылып тылсым іздеп
Жауһар күндер жанымды
жылыта алмай...
Құралайым,
Тек өзіме қатысты мына жайым.
Жалғыз сенің жақұттай жанарыңа
Атар таңның қиып ем нұр-арайын.
Шырын қылық,
Сен жымисаң тұратын ғұмыр күліп.
Тал шыбықтай бойыңа Тәңірі өзі
Күллі әлемнің қойған ба сырын бүгіп?!
Сәби үнің,
Естідім де елітіп тағы ұйыдым.
Менің жаным сезімнің ақ бораны
Сенің жаның нәп-нәзік ән-иірім.
Ерек керім,
Тербеп жанның – самалың –
желектерін.
Ақ боранда адасып әлі жүрмін
Сиқырыңның таба алмай себептерін!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter