Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  148


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

Тудыра салған текті өлең....

Тудыра салған текті өлең,
Көрікті қалқа, көктем ең.
Ақындық қиял болмаса
Адамның қолы жетпеген.
Кеудеңе күдік орнаса,
Қасірет емес ол да аса.
Пенденің мұңы белгілі...
Ақынның мұңы болмаса,
Дүние түгел далбаса.
Ақынның мұңы сүйген бұл –
Көйлектен тәнің киген жыр.
Көйлектің сыйып ішіне
Дүние түгел билеп жүр.
Жүректі жыр ғып сөйлеткен,
Түнекті нұр ғып кейде еппен.
Дүние күліп тұрады
Қос етек дүрия көйлектен.
Көретін оны көз керек,
Жүрек пе бәлкім өзгерек?!
Ақындық отқа күйгенсің
Тағдырың солай төз, демек!
Өлеңім сынды піспеген,
Түсіре алмай тістенем.
Көйлектің іші-сыртындай
Осы екен өң мен түс деген...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу