Өлеңдер ✍️
Жанымның өлең ағып жылғасынан....
Жанымның өлең ағып жылғасынан,
Әйтеуір, әлденеге күнде асығам.
Сүзем деп қарап едім судан жақұт
Мөлдірдің тұнық көрдім тұнбасынан.
Мен содан менмен едім
тынып қалдым,
Тұныққа қарай-қарай құрықталдым.
Сылқылдап суретімді су ішкенде
Өзімді өмір түгіл ұмытқанмын.
Бетіме, басқама да қарайламай,
Су салды суретімді шарайнадай.
Таң қалып тұрғанымда тамашаға
Тіл қатты көктен тамған арайдан Ай.
Сол күймен сеңдей лықсып
мың түледім,
Келген-ді көк аспан боп күркірегім.
Еріксіз ескі жұртта қалып қойдым
Жанымнан өткіздім де жұрт легін.
Тұнықтан тылсым іштім
тұндырып ап,
Жүректе шолпы түннің сыңғыры қап.
Арбалып «Мың бір түнге» жүргенімде
Батқанын білмей қалдым
күннің ұзап.
Алланың аян беріп, буған демі –
Жұмақтың жүрекке сол тұнған лебі.
Қызықтап қырт өмірде қалмақ едім
Ажал ғой асықтырып қуған мені..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter