Өлеңдер ✍️

  14.09.2022
  281


Автор: Зәһәрә Нұрәділқызы

Ханның жұртында

Патшаның патшасы, ханның-дағы ханы бар,
Халқына шын қадыры бар, ханның артық бағы бар.
Сүйкімі жоқ ел-жұртына, абыройы болмаған,
Салауатсыз кейбір ханның, сапасы жоқ, саны бар.
Халқы мәңгі көкірегінде ат-атағын сақтаған,
Көрші елдер де көп сүйініп парасатын мақтаған.
Құтқарушы жұлдызындай Абылай хан халқының,
Телім-телім болғанда ел шұбырынды ақтабан.
Айбарлы еді жекпе-жекте арыстандай ақырған,
Жауын жеңген қан майданда тіс-тырнағын батырған.
Еркіндік пен елі аңсаған бейбіт заман құруға,
Басын қосып үш жүзінің берекеге шақырған.
Бос белбеуді шынықтырып беті қайтпас ер еткен,
Батырлары басындырмас қас дұспанға өр, өктем.
Босып жүрген тау мен таста құтымсыздау қазағын,
Жиып-теріп, бас-аяғын, тастүйіндей ел еткен.
Қанша айтсақ та өмір деген кезек келсе бір тынар,
Тарих бетін парақтасаң, шындық көзі бұлқынар.
Деп оқығам Көкшетаудың ең бір көркем жерінде,
Тірлігінде орда тіккен Абылай ханның жұрты бар.
Сапар шексең сан күндерге салтанатпен қамданып,
Дәм бұйырса қай қалаға, қай бір жерге бармадық!
Оқжетпестің етегінде қоршаулы ашық алаңқы,
Жұрты ханның,
Тұрмын сонда өз-өзімнен паңданып.
Паңданам ба бекер, босқа,
Ырас неге жасыймын,
Мақтан етіп Абылай даңқын, өзен судай тасыймын.
Сәті түсіп келдім сонау, ұлы жұңхуа елімнен,
О, хан ием!
Қасиетті рухыңа бас идім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу