Өлеңдер ✍️

  14.09.2022
  103


Автор: Зәһәрә Нұрәділқызы

Сағынышым сан жылғы

Сәлем!
Қалың қазағым, қызың келді,
Алатаудың айбынды жүзін көрді.
Гүл, орманға оранған ару қала,
Алматының аңқыған күзін көрді.
Сорабынан жылдардың соры қалың,
Тарлан тарих қалдырған ізін көрді.
Өмірде көп кешкенің шежірелі,
Ет жүрегің естісең езіледі.
«Отан үшін отқа түс күймейсің» деп,
Шындық үшін шыдаған төзім еді.
Календірдің сарғайған беттерінен,
Өршіл ойлы бәрін де сезінеді.
Жас айырылып зар шеккен құштарынан,
Сөйлеп кетсең сұмдық жыл тұстарынан.
Ерлігі мен халқыңның елдігі үстем,
Кегін алған кесірлі дұшпанынан.
Көлбіретіп көк туын көк аспанда,
Қилы заман құтылған қыспағынан.
Бұл тарихтың бұлжымас талғамы еді,
Ғасырлардан жалғасқан арман еді.
«Ақтабан шұбырынды» болған кезде,
«Елім-айға» еңіреп салған еді.
Бүгінді аңсап бүгіліп шерлі мұңмен,
Қарай-қарай жанары талған еді.
Жол бастады халқыңның даналары,
Шаттық ескен, шалқыған бар алабы.
Қыран қалқып көгінің көз ұшында,
Аққу-қазы көлінде таранады.
Ортасында көшеңнің жатыр маңғаз,
Райымбек батырдың қара нары.


Кейде ойың мұндайға дамылдайды,
Көкірегіңнен көп арнау арындайды.
Егемендік алған ел еркін қазір,
Көзін сүзіп жаттарға бағынбайды.
Көркем сөздің көсемі Мұхтар Әуез,
Анау үйде, барғанды қабылдайды.
Қай жағынан айтсақ та сана мығым,
Барған сайын тереңдеп барады ұғым.
Дүниенің таратып төрт жағына,
Әйгілеген Абайдың даналығын.
Көтеріңкі көңілдер, рухы үстем,
Жан сүйінер жалынды жаңалығың.
Қайсарлығы қажымас қалың елің,
Салтанаты саралы, сәні керім.
Жырыма арқау, өрнегі өлеңімнің,
Алатау мен Алматы әнім едің.
Мағыналы,
Мақтансам даңқыңды айтып,
Сағынышым сан жылғы әрі менің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу