Өлеңдер ✍️

  13.09.2022
  109


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

АНА

І
Адамзатқа ақынның опа мұңы,
Боталыны боздатпа, о, Тәңірі!
Жаның төсеп жолыма жапа шеккен
Ана, сенің жүрегің Отан ұлы!!!
Адамдықпен өлшенсе өмір мәні,
Құзырыңда қалар ед сенің бәрі...
Адам бола алмаған пенделер бар
Сен келесің Хауа боп жолыңда әлі...
Сен келесің сыйдырып гүл шағыңа...
Адамзатты – күллі ұлы қасіретті!!!
Сен келесің сыйдырып құрсағыңа...
Адамзатты – күллі ұлы қасиетті!!!
ІІ
Сені жасыта алмапты өмір кәрі,
Өзді өзі әуре менікі ненің зары?!
Жалғыз ұлдың ертеңі болмаса, ана,
Дүние ғой басқасы қолыңдағы...
Соңымдағы шұбырған гу-гу өсек,
Жаныңдағы қайғы мен
мұңды көсеп...
Күзден бетер тоналдың шалыс бассам
Бізден бетер жүдедің — біз жүдесек.
Бағыштады демесең елге өнерді,
Ар-намыссыз, ақымақ, сорлы емен-ді.
Бір қызығым көтерсе сені көкке
Бір қылығым тірідей жерге көмді...
Сан биіктеп, сен солай сан басылдың,
Әлегінен әуейі алғаш ұлдың.
Қиқарлығым, Құдай-ау, ішім сезед
Жасар әлі жалмады-ау
сан жасыңды...
Өреліге болған ба өмір мәні?!
Өмір мәні...
Менікі соның зары...
Жалғыз ұлдың ертеңін
қойшы, құрысын,
Ол бір жұмбақ Алланың қолындағы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу