Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  193


Автор: Бижан Қалмағанбетов

КӨК МЕШІТ

Тірілер, ойлан, сырды аңда,
Мойныңды бұршы құрбанға.
Осында ата-бабаң да,
Әруақтар жатыр бұл маңда.
Бағыштап құран азаннан,
Жастарын сүртер жанардан.
Топырағы қалып тып-типыл,
Көптеген қабір жоғалған.
Сөзімнің айтсам астарын,
Билейді мені басқа мұң.
Мұсылмандығын ұмытпай,
Ұстасын дінін жастарым.
Басына түспей азап күн,
Отына күймей тозақтың.
Мейірімді, әрі әділ боп,
Шығарсын атын қазақтың.
Мықтыны талай құлатқан,
Басың да қатар сұрақтан.
Кінәсіз, таза жан болсаң,
Табылар орын жұмақтан.
Бұл жерде күлме, қарсымын,
Өсиетім, айтар бар сырым.
Ренжіспейікші өмірде,
Сабындай қысқа қамшының.
Суық жел келіп үргенде,
Солады қурап гүлдер де.
Ерте ме, кеш пе келерміз,
Бабалар жатқан бұл жерге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу