Өлеңдер ✍️
ҚЫТАЙ
Бұлақ сынды арнасы кең арқырар,
Қай ел болсын салтыменен жарқырар.
Қытай деген бұл әлемде бірінші,
1,3 миллиардтан астам халқы бар.
Басады алға таудай болса талабы,
Бұл өмірден алған да көп сабағы.
Жер көлемі жөнінен де тек алға,
Ресей мен Канаданы салады.
Көргің келер бәрін сапар шеккенде,
Аңсаған сол шетеліңе жеткенде.
Қазақстан, Лаос, Вьетнам сияқты,
Шектеседі он төрт мемлекетпен де.
«Сырт көз – сыншыл» деген бәрін байқайды,
Таңғалғаннан бастарын да шайқайды.
Астанасын көріп пе едің Бейжіңді,
Ірі қала – Гуанчжоу мен Шанхайды.
Өзге күштің көп болса да қатері,
Сақталыпты ежелгі сөз, мәтелі.
Қытайлықтар тастамайды аузынан,
Дейді бәрі Конфуцийдің әсері.
Жағдайларға көз жіберсек былайғы,
Деректері жеткілікті, шырайлы.
Міне, қызық – жазба көздері бұл елдің,
3500 жылды бір-ақ құрайды.
Кәрісі бар, білек түрген жастар да,
Қолын жайып отырмайды аспанға.
50-жылдардың сол басында-ақ,
Өндірісі негізін сап, басты алға.
Ой-жігерді самғатты да алысқа,
Шықты бәрі социалистік жарысқа.
Бермеді ешкім қолдарынан намысты,
Дегендейін бір-біріңнен қалыспа.
Төтеп беріп кедергі мен сындарға,
Ел әрдайым абыроймен жүрді алда.
Көтерілді өмір сүру деңгейі,
1990 жылдарда.
Мемлекетті белсенділер басқарды,
Өз жұмысын әркім адал атқарды.
Азық -түлік мәселесі шешіліп,
Ішкі өнім өндіру де жақсарды.
Құлпырды да саяжай мен бау жағы,
Қалалар мен тіпті шағын ауданы.
45 пайыз үнемдікті құрайтын,
Алға тартты елде сыртқы сауданы.
Тисе-дағы кертартпалар салқыны,
Ортақ іске қосты жұртты-жалпыны.
Сауда-саттық жүрді бізге тарихтан,
Белгілі сол «Жібек жолы» арқылы.
Қаржы түсіп, көңіл шіркін жайланды,
Берік ұстап тұрды олар байламды.
Оңтүстік Корея, Жапония, АҚШ-та,
Айнымас серіктестікке айналды.
Маңдай тер де төгілмейді бекерден,
Сол еңбектің қайтарымы өтелген.
АҚШ-тан соң екінші орын біз дейді,
Инвестиция көптеп тартқан шетелден.
Рух беретін қазіргідей заманға,
Бейнелер мен ескерткіш көп алаңда.
Мәртебесін алған бүгін ауданның,
Тоқталайын Сянгамдай аралға.
Білінбейді бай адам кім, жарлы кім,
Сонау өткен жылдарменен қалды мұң.
Сянгамға жұрт жиі бұрар ат басын,
Орталығы ол сауда және қаржының.
Бардым, көрдім, сырыңа мен қанықтым,
Жүздері де жайдары екен халықтың.
85-інің өкілдігі осында,
Әлемдегі әйгілі 100 банктің.
Беймәлім ғой кереметі қай маңның,
Мен шетелде жүріп біраз ойландым.
Қазақстан қашан бұған жетеді,
22 млн. тұрғыны бар Тайванның.
Бәрі қызық, жету қиын шегіне,
Айта бергің келеді ылғи беріле.
Үш мың жылға созылады сенсеңіз,
Медицина тарихының өзі де.
Шаруалары жетсе де іске асырған,
Жұмбағы көп әлі де ішке жасырған.
Кітап басу қолға алынып ертерек,
Басталыпты V-VI ғасырдан.
Ізденсе кім – сол өмірде ұтады,
Жайылған ел жапырағы, бұтағы.
Басылыпты алғаш рет Қытайда,
Тұңғыш фармакология кітабы.
Көп аралап, жүруге аяқ талса да,
Өзіңе-өзің жігер бер де, шаршама.
Қытайдан сен ораласың мәз болып,
Ал мәдени мұралары қаншама?
Бара онда тума-туыс, досыңыз,
Оларды тек жақсылықпен тосыңыз.
Мұрасы ма –Ұлы Қытай қорғаны,
Оған Гугун мұражайын қосыңыз.
Бәрі-бәрі сияқты бір ертегі,
Өткенің мен бүгінгіңді шертеді.
Демалысың біткен ойға түскенде,
Әттеген-ай, уақыт неткен келте еді?!
Дейсің де сен қарамайсың жауынға,
Қол жүгің бе – жеңіл ме, әлде ауыр ма?
Туған елге құстай ұшып жетесің,
Бауыр басып, кіндік кескен ауылға.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter