Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  179


Автор: Бижан Қалмағанбетов

САБАҚ

Әр нәрсе жұмбақ, сабақ қой,
Бойыңда болсын талапты ой.
Тәліммен бірге тәрбие,
Саналы жанға ғажап той.
Білуге қанбай құмарың,
Биікте жансын шырағың.
Үйреткен саған әліппе,
Ұстатқан қалам мұғалім.
«Білгенге маржан» жетпейді,
Шыбықтай солар көктейді.
Жассың ба, тіпті қартсың ба


Білуге кештік етпейді.
Өнеге алсаң басшыдан,
Қақпайды ешкім топшыдан.
Әрдайым есте сақталар,
Үйренген сабақ жақсыдан.
Еңбек ет күміс тер шығып,
Көрсетпе жанға ерсілік.
Жақсы іске сабақ болады,
Жіберген кейбір кемшілік.
Бәрі де қажет тегінде,
Қиын да болса жерінбе.
Ғұлама болған бабамыз,
Кең байтақ қазақ жерінде.
Достарың жүрсін бағалап,
Тілдессем деумен жағалап.
«Сегіз қырлы, бір сырлы бол»,
Бұл саған қарыз, аманат.
Ақыл-ой керек әр іске,
Күндерді өткен дәріпте.
Тәжірибең менен жетпейді,
Өмірден алған дәріске.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу